Климаттың өзгеруі миграцияға қалай әсер етеді — сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы ондаған жылда климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстан мен Орталық Азияға ағылатын мигранттар саны артуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская мәлімдеді.

Фото: kisi.kz

Ол ҚР Президентінің «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын түсіндіруге арналған дөңгелек үстелде аталған тақырыпқа кеңінен тоқталды.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азияда жұмыс күші тапшылығына байланысты Қазақстан біртіндеп аймақтағы еңбек мигранттарын тартатын негізгі орталықтардың біріне айналып келеді. Елімізге, әсіресе, көрші мемлекеттерден жұмыс істеуге келетіндердің саны артып жатыр.

Сонымен бірге, оның пікірінше, саяси және экономикалық тұрақсыздық жаппай әрі бақылаусыз миграция ағынына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттер ондай дүрбелең көші-қонға дайын болуы қажет.

Одан бөлек, мұндай бейберекетсіздікке климаттың өзгеруі де әсер етуі ықтимал. Мысалы, жаһандық жылыну салдарынан су деңгейі баяу немесе күрт көтерілсе, теңіз не мұхитқа жақын тұратын халық қауіпсіз жер іздеп үдере көшетіні анық.

Коллаж: Kazinform/ DALL-E

— Қазір климат миграцияның басты факторларының біріне айналып келе жатыр. Мамандардың сөзінше, Қазақстанда ауа райының жылынуы әлемдегі орташа көрсеткіштен жоғары қарқынмен жүреді. Бұл миграциялық ағындардың өзгеруіне ықпал етуі ықтимал. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, 2050 жылға қарай Орталық Азияға 2 миллион «климаттық мигрант» қоныс аударуы мүмкін. Мұндай үдеріске алдын ала дайындалып, миграциялық, экономикалық және демографиялық саясатта бұл жайттарды ескеру маңызды, — деді Анна Альшанская.

Оның айтуынша, Қазақстан өз азаматтары үшін де, еңбек мигранттары үшін де мүмкіндіктер орталығы ретінде дамып, аймақтағы орнын күшейте бергені жөн.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық Азия бүгінде климаттық өзгерістердің дәл ортасында тұрғанын жазғанбыз.