Климаттың өзгеруі салдарынан Германияда оңтүстік жыландары көбейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM – Климаттың өзгеруіне байланысты Германияда бұрын тек Оңтүстік Еуропада мекендеген жылан түрлері жиі кездесіп жүр. Кейбірінің ұзындығы 2 метрден асады, деп хабарлайды DW .

Фото: DW

Мюнхендегі Бауырымен жорғалаушыларды құтқару орталығының жетекшісі Маркус Баурдың айтуынша, соңғы бес жылда Бавария жерінде төртжолақты полоз кемінде 15 рет байқалған. Бұрын бұл улы емес жылан негізінен Балқан түбегі мен Грекияда ғана тіршілік еткен. Оның ұзындығы 2 метрден асады.

Сондай-ақ Баварияда Жерорта теңізі аймағына тән улы емес тағы бір түр – гадюка тәрізді су жыланы бірнеше мәрте кездескен.

Ал Рейнланд-Пфальц федералдық жеріндегі Цвайбрюккен маңында Оңтүстік Еуропадан таралған сары-жасыл полоз он жылдан бері мекендеп келеді. Қазіргі уақытта оның саны бірнеше жүз басқа жеткен.

– Бұл жыландардың бір бөлігі климаттың өзгеруіне байланысты табиғи жолмен Германияға қоныс аударған болуы мүмкін. Өйткені олардың дәстүрлі мекендеу ортасы барған сайын тарылып келеді. Ал кейбірі адамдардың көмегімен кездейсоқ жеткізілген. Мәселен, бір жылан Италиядан Мюнхенге автокөліктің астыңғы бөлігіне жабысып келген жағдай тіркелген, – деді Маркус Баур.

Ғалымдардың айтуынша, аталған жыландар адам үшін қауіпті емес. Алайда олар жергілікті экожүйеге әсер етуі мүмкін. Мысалы, Цвайбрюккен маңында сары-жасыл полоздардың көбеюі олардың негізгі қорегі саналатын кесірткелердің жергілікті популяциясын едәуір азайтқан.

Сонымен қатар бұл жыландар егінге зиян келтіріп, түрлі ауру тарататын тышқандармен де қоректенеді.

Айта кетейік, Германияда жыландардың жергілікті жеті түрі мекендейді және олардың барлығы белгілі бір деңгейде жойылып кету қаупінде тұр. Сондықтан табиғат аясында оларды кездестіру әлі де сирек құбылыс саналады.

Бұған дейін Оңтүстік Қытайда жыланның жаңа түрі табылғаны хабарланды.