Климаттың өзгеруі сәулет ескерткіштеріне қауіп төндіріп жатыр
Климаттың өзгеруіне байланысты Дүниежүзілік сәулет өнері туындысы - Потсдамдағы Сансуси сарайы мен бағына үлкен қауіп төніп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews агенттігіне сілтеме жасап.
18 ғасырда бұл Пруссия королі Ұлы Фридрихтің жазғы қонысы болды. Пруссия королі оны Сансуси - «уайымсыз жер» деп атады.
Жыл сайын Сансуси сарайына миллионға жуық турист келеді.
Климаттың өзгеруіне байланысты оған қосымша күтім қажет. Бақ директоры Майкл Родердің айтуынша, климат жылынуының ықпалы шамамен он жылдан бері байқалып келеді, бірақ соңғы алты жылда қатты әсер ете бастаған. Жаңбыр аз жауды.
Топырақ аптап ыстықтан кеуіп, жерасты сулары құрғап жатыр. Ағаштар қурап қалды. 20 жыл бұрын ондаған ағаш қураған болса, бүгінде бұл сан бірнеше жүзге дейін өсті.
Сансусидің кейбір сарайлары қазір күн райының басқа да қолайсыз жағдайынан зардап шегуде. Жоғары ылғалдылық жиһаз бен қабырға жабынын бұзып жатыр.
Бұрыштары көгеріп, зең басты. Материалдар бөлініп түсіп жатыр. Бұның бәрі климаттың өзгеруіне байланысты.
Аптап ыстық, құрғақшылық, нөсер жауын 300 жылдық тарихы бар ландшафтың жай-күйіне кері әсер тигізіп жатыр. Copernicus климат өзгеруін зерттеу қызметінің мәліметінше, биылғы тамыз бақылау жүргізу тарихындағы ең ыстық ай болды.
Орташа температура 1991-2020 жылдардағы көрсеткіштен 0,7°С жоғары болған. Маусым мен тамыз аралығындағы кезеңде температуралық рекорд тіркелді.
Тамыз айында Португалия, Италия, Франция, Солтүстік Африка, АҚШ-тың орталығы мен оңтүстігінде жылу толқыны байқалды. Ол мұхиттарға да әсер етті. 80-жылдардың басынан мұхиттағы су температурасы айтарлықтай жоғарылады. 2023 жылы ол тағы жарты градустан астам жылынды.
Бұл да - рекордтық көрсеткіш.
Антарктиданың басым бөлігінде теңіз мұзының концентрациясы орташа деңгейден төмен түсті.