Климаттың өзгеруін елемеуді жалғастыра алмаймыз — ЕО өкілі

Коллаж: Kazinform / Freepik /Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия өңірі Еуропалық одақ үшін тұрақты әрі сенімді серіктес болып қалуда. Бұл туралы Өңірлік экологиялық саммит аясында өтіп жатқан Орталық Азия климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі конференцияда Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур айтты.

— Өкінішке орай, бүгінде әлем өте күрделі дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси тұрғыдан аса қиын жағдайдамыз. Украинадағы соғыс жалғасуда, ал Таяу Шығыс та жекелеген мемлекеттердің әрекеті салдарынан зардап шегіп жатыр. Біз дәл ортасында тұрмыз. Осы орайда Орталық Азия өңірінің тұрақты әрі сенімді серіктес болып қалып отырғанын атап өту өте маңызды. Осындай жағдайда Еуропалық одақ қазба отын нарықтарының құбылмалылығына мойынсұнып отыра алмайды. Бізге алға жылжу үшін энергия тәуелсіздігі мен әртараптандыру қажет, бұл — стратегиялық императив. Бұл тек климат тұрғысынан ғана емес, экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан да аса маңызды, — деді Еуропалық одақ өкілі.

Оның айтуынша, таза энергияны дамыту, электрлендіруді ілгерілету, жаңғыртылған маршруттарды енгізу және энергия тиімділігін арттыру бағытындағы күш-жігерді күшейту қажет. Сонымен бірге климаттың өзгеруінің әсерін төмендетіп бағалауға болмайды. Өйткені әлем жылынуын жалғастыруда. Еуропада жылыну қарқыны басқа өңірлерге қарағанда екі есе жылдам жүріп жатыр. 

— Ал Орталық Азияға келер болсақ, бұл өңір климаттың өзгеруіне байланысты елеулі мәселелерге тап болып отыр. Бұл экономикалық шығындардың артуына, орман өрттерінің көбеюіне, су тасқындарының жиілеуіне және қоғамға теріс әсердің күшеюіне алып келеді. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай әлемде су ресурстарының жаһандық тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Ал Орталық Азия бұл тұрғыда ең осал өңір саналады. Сондықтан геосаяси дағдарысқа қарамастан, біз климаттың өзгеруін елемеуді жалғастыруға жол бере алмаймыз. Еуропалық одақ серіктестерін климаттық саясатта батылырақ болуға және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін үш есеге арттыру, сондай-ақ жыл сайынғы энергия тиімділігін екі есеге өсіру сияқты жаһандық мақсаттарды біріктіруге шақырады, — деді Йоханнес Баур.

Айта кетейік, Өңірлік экологиялық саммиттің ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт қатысушыларға ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталған еді.