Климаттың жылынуы әлем өзендеріндегі оттегі көлемін азайтып жатыр — зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа зерттеу климаттың жылынуы әлемдегі өзендердегі оттегінің кең ауқымды әрі тұрақты азаюына әкеліп жатқанын көрсетті. Бұл тұщы су экожүйелеріне қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі .

Фото: Синьхуа

Science Advances журналында жарияланған зерттеуді Нанкин география және лимнология институты ғалымдары бастаған зерттеу тобы жүргізді. Институт Қытай ғылым академиясы құрамына кіреді.

Зерттеушілер әлем бойынша 21 мыңнан астам өзен учаскесінен жиналған 40 жылға жуық деректі талдады. Олар 1985–2023 жылдар аралығындағы оттегі деңгейінің өзгерістерін бақылау үшін машиналық оқытудың озық әдістерін пайдаланған.

Зерттеу нәтижелері алаңдатарлық болып шықты. Орта есеппен өзендердегі оттегі мөлшері әр он жыл сайын литріне 0,045 миллиграммға азайып отыр. Зерттелген өзендердің шамамен 80 пайызында оттегі тапшылығы байқалған.

Ең қатты зардап шеккен — оңтүстік ендіктің 20 градусы мен солтүстік ендіктің 20 градусы аралығында орналасқан тропикалық өзендер. Олардың қатарында Үндістандағы көптеген өзен бар. Бұл бұған дейінгі «ең үлкен соққы жоғары ендіктердегі өзендерге тиеді» деген болжамдарға қайшы келді.

Зерттеу тропикалық өзендерде бастапқыда-ақ оттегі деңгейі төмен болатынын және оның тезірек азайып жатқанын анықтады. Соның салдарынан олар балықтар мен басқа да су жануарларын жаппай қырып жіберуі мүмкін өте төмен оттегі деңгейі оқиғаларына аса осал болып отыр.

Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты суда оттегінің еру қабілетінің төмендеуі негізгі себеп екенін анықтады. Бұл жалпы оттегі жоғалтудың шамамен 63 пайызына жауап береді. Жылы су салқын суға қарағанда оттегіні аз ұстайды.

Температура, жарық және су ағынына байланысты экожүйе метаболизміндегі өзгерістер оттегі азаюының тағы 12 пайызына себеп болған.

Аптап ыстық толқындары да маңызды рөл атқарады. Зерттеу көрсеткендей, экстремалды ыстық жағдайлары әлемдегі өзендердің оттегісізденуінің шамамен 23 пайызына жауапты. Мұндай кезеңдерде оттегінің азаю жылдамдығы қалыпты жағдаймен салыстырғанда әр он жыл сайын литріне қосымша 0,01 миллиграммға артады.

Зерттеу сондай-ақ судың өте төмен немесе өте жоғары деңгейі оттегісіздену процесін ішінара баяулатуы мүмкін екенін көрсетті. Су аз кезеңдерде бұл көрсеткіш қалыпты жағдаймен салыстырғанда шамамен 19 пайызға төмендесе, су көп болған жағдайда 7 пайызға азайған.

Зерттеушілер оттегі деңгейінің төмендеуі өзен биоалуантүрлілігіне қауіп төндіретінін ескертті, өйткені балықтар мен басқа организмдер оттегі жетіспейтін суда тіршілік ету үшін күресуге мәжбүр.

Ғалымдар саясаткерлерді, әсіресе тропикалық аймақтарда, оттегі тапшылығы дағдарысымен күресудің тиімді стратегияларын әзірлеуге шақырды.

– Бұл зерттеу әлем өзендеріндегі оттегінің жоғалуын түсіну мен азайту үшін аса қажет негіз қалыптастырады. Климаттың жылынуы жалғасқан сайын өзендердің «тынысын» қорғау біздің заманымыздағы ең үлкен экологиялық сындардың біріне айналуы мүмкін, – деді Ши Кун.

Айта кетейік, бұған дейін теңіздің жылынуы жаңа климаттық қауіптерді күшейтіп отырғанын жаздық.

Ал Тәжікстандағы мұздықтардың еруі Орталық Азияның су қауіпсіздігіне қалай әсер ететіні туралы сараптаманы мына жерден оқи аласыз.