Климаты құрғақ Түркістанда 30 мың гектар жерде «жасыл» белдеу құрылады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ғалымдар Түркістанның «жасыл» белдеуін құру бойынша өз ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аптап ыстық, аңызақ жел. Климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен.

Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, шаһар аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайды.

Осылай деген ғалымдар көне қаладағы жасыл желектің көлемін арттыруды қос қолдап қолдап отыр.

Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалық тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «жасыл» аймақ құрылған.

Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылады.

Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізіліп жатыр. Бірнеше су қоймасы салынуда.

Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған.

Қоршаған ортаны жақсарту үшін Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желек отырғызу бойынша акция өткізіліп тұрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «|Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшетін отырғызу белгіленген.

Осыған сәйкес, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады.

Онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Сапалы және толық орындау үшін қосымша штат пен техника сатып алынады.

А. Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжанов өз пікірін бөлісті.

«Түркістанның «жасыл» аймағы Нұр-Сұлтан қаласы «жасыл» белдеуінің аналогы ретінде жасалып отыр. Бүгінгі таңда елді мекендер көгалдандырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған жасыл аймақ құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ауаның температурасы 35 градустан асады. Ылғал өте төмен. Жауын-шашын өте аз. Питомниктер құрылып жатыр. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «жасыл» аймақ құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады», - деді сарапшы.

Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ормандарды молайту және орман өсіру бөлімінің бастығы Светлана Кабанова ғалымдарға «жасыл» аймақ құруда ақыл-кеңес берді.

«Қалалардың айналасында «жасыл» белдеу құру - өте маңызды іс. Біз Қазақстан қалаларының айналасында «жасыл» белдеу құру және сақтау жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар бере аламыз. Түркістанның айналасында атқарылған жұмыс - аса қажырлы еңбек. Себебі осындай климат жағдайында «жасыл» аймақ» құру өте қиын. Ауа температурасы өте жоғары, құрғақшылық. Бұл жайттар кері әсерін тигізері сөзсіз. Көгалдандыру жұмысында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін береді», - дейді Светлана Кабанова.