Клубтар арасындағы ӘЧ: «Боруссия Дортмунд» бүгін жеңіске жете ала ма
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында 21 және 22 маусым күндері төрт ойын өткізіледі.
Алдымен 21 маусымда қазақстандық уақытпен 21:00-де F тобында сынға түсіп жатқан Германияның «Боруссия Дортмунд» командасы екінші турда Оңтүстік Африканың «Мамелоди Санундаус» клубымен кездеседі.
Аталған топтағы «Флуминенсе» (Бразилия) мен «Ульсан Хёндэ» (Оңтүстік Корея) кездесуі 22 маусымда сағат 03:00-ге белгіленген.
Сондай-ақ Е тобында сағат 00:00-де «Интер» (Италия) мен «Урава Ред Даймондс» (Жапония), 06:00-де «Ривер Плейт» (Аргентина) мен «Монтеррей» (Мексика) шеберлік байқасады.
21 маусымда С тобында Португалияның «Бенфикасы» Жаңа Зеландияның «Окленд Сити» клубын 6:0 есебімен тізе бүктірсе, Германияның «Бавариясы» Аргентинаның «Бока Хуниорсын» 2:1 есебімен жеңді.
Ал D тобында АҚШ-тың «Лос-Анджелес» клубы Тунистің «Эсперансына» 0:1 есебімен жол берсе, бұл топта Англияның «Челси» командасы бразилиялық «Фламенгоға» 1:3 есебімен есе жіберді.
Әлем мемпионатының жүлде қоры 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі.
Доп додасында 32 команда сынға түседі. Командалар 8 топқа бөлінді. Әр топта 4 клубтан ойын көрсетеді, олардың екеуі плей-офф кезеңіне шығады.