Клубтар арасындағы ӘЧ: «Челси» алғашқы ойынында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатын Англияның «Челси» командасы сәтті бастады.
D тобында сынға түсіп жатқан лондондық клуб алғашқы турда АҚШ-тың «Лос-Анджелес» клубымен кездесті.
Ойын барысында англиялық клубтан Педру Нету 34-минутта есеп ашса, Энцо Фернандес 79-минутта мергендік танытты.
Осылайша «Челси» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ аталған топта Бразилияның «Фламенго» клубы дәл осындай есеппен Тунистің «Эсперансын» тізе бүктірді.
Ал С тобындағы «Бока Хуниорс» (Аргентина) және «Бенфика» (Португалия) кездесуінде 2:2 есебі тіркелді.
Енді 17 маусымда F тобында «Флуминенсе» (Бразилия) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия), Е тобында «Ривер Плейт» (Аргентина) пен «Урава Ред Даймонс» (Жапония) ойнайды.
Доп додасында 32 команда сынға түседі. Командалар 8 топқа бөлінді. Әр топта 4 клубтан ойын көрсетеді, олардың екеуі плей-офф кезеңіне шығады.
Қатысушылардың арасында биылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы «Пари Сен-Жермен» бар. Сонымен қатар еуропаның үздік клубтары «Реал Мадрид», «Манчестер Сити», «Бавария» және т.б клубтар турнирде бақ сынайды.
Чемпионаттың жүлде қоры 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі.