Клубтар арасындағы ӘЧ: «Пари Сен-Жермен» 1/8 финалға жолдама алды

Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында бүгін 1/8 финалына шыққан екі команда анықталды. 

D тобында екі турдан кейін «Ботафого» алты ұпаймен көш басында тұрған еді. Одан кейінгі орындарды «Пари Сен-Жермен» мен «Атлетико Мадрид» үш ұпаймен өзара бөлісті. Ал «Сиэтл Санудерс» командасының қоржыны бос болды.

Екі турдан кейін жағдайын қиындатып алған франциялық «Пари Сен-Жермен» АҚШ-тың «Сиэтл Санудерс» клубымен ойынында алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Алдымен Хвича Кварацхелия 35-минутта есеп ашса, Ашраф Хакими 67-минутта мергендік танытты.

Осылайша қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. 
Испаниялық «Атлетико Мадрид» Бразилияның «Ботафого» командасымен кездесуінде жеңіске жетуге бар күшін салды.

Дегенмен оған бразилиялық футболшылар мүмкіндік бере қойған жоқ. Десе де ойынның 87-минутында испаниялық клубтан Антуан Гризманн көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Қарсыласынан 0:1 есебімен жеңілген «Ботафого» өз тобында екінші орын алып, жарыстың келесі сатысына шықты.

Енді А тобында сағат 06:00–де «Интер Майами» (АҚШ) мен «Палмейрас» (Бразилия), «Порту» (Португалия) мен «Аль-Ахли» (Египет) шеберлік байқасады.

Әлем мемпионатының жүлде қоры 1 миллиард АҚШ доллар. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі.