Клубтар арасындағы ӘЧ: «Пари Сен-Жермен» мен «Челси» финалда кездесетін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның «Пари Сен-Жермен» командасы футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты финалына берілген екінші жолдамаға ие болды.
Франциялық клуб жартылай финалда Испанияның «Реал Мадрид» командасымен шеберлік байқасты.
Алғашқы минуттан белсенділік көрсеткен «Пари Сен-Жермен» шабуылға көбірек көңіл бөлді. Есесіне испаниялық қорғаушылар жиі қателесіп, оған тойтарыс бере алмай жатты. Алдымен Фабиан Руис 6-минутта есеп ашса, одан кейін Усман Дембеле 9-минутта басымдықты арттырды.
Кездесудің 27-минутында Фабиан Руис тағы бір мәрте көзге түссе, Гонсало Рамуш 87-минутта ойынның нүктесін қойды.
Осылайша «Пари Сен-Жермен» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, финалға берілген жолдамаға қол жеткізді.
Енді олар финалда 13 шілдеде Англияның «Челси» клубымен бас жүлдені сарапқа салады.
Әлем чемпионатының жүлде қоры — 1 миллиард АҚШ доллары. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі. Доп додасында 32 команда сынға түсіп жатыр.
Opta суперкомпьютері 2025 жылғы әлем чемпионатында қай команданың жеңімпаз атануы жөнінде болжам жасады.
Қатысушылардың турнирде жеңіске жету мүмкіндігін нақты есептеуді қалыптастыру үшін Opta 10 мың деректі орындауға мәжбүр болды. Аталған болжамға сәйкес чемпионаттың басты фавориті ретінде Францияның «Пари Сен-Жермен» командасының мүмкіндігі 18,5% пайызға бағаланады.