Клубтар арасындағы ӘЧ: «Ювентус» алғашқы ойынында ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның «Ювентус» командасы футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында қарсыласын ірі есеппен жеңді.
G тобында сынға түсіп жатқан италиялық клуб Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» клубымен кездесті.
Ойын барысында олардың қатарынан Рандаль Коло Муани 11, 45, Шику Консейсау 21, 58, Кенан Йылдыз 31-минутта мергендік танытты.
Осылайша «Ювентус» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Аталған топтағы Англияның «Манчестер Сити» командасы Марокконың «Видад» клубын 2:0 есебімен жеңді.
Ал H тобында ойнап жатқан аустриялық «Ред Булл Зальцбург» Мексиканың «Пачука» клубынан 2:1 есебімен басым түсті. аустриялық командадан Оскар Глух 43-минутта гол соқса, мексикалық клубтан Брайан Гонсалес таразы басын теңестіріп кетті.
Ал Карим Онисиво 76-минутта соққан гол «Ред Булл Зальцбургке» жеңіс алып келді.
Бұл топтағы Испанияның «Реал Мадрид» клубы бірінші кезедесуінде Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады.
Әлем мемпионатының жүлде қоры 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллионды иеленеді. Қалған қаражатты қатысушы 31 клуб алған орындарына байланысты бөліседі.
Доп додасында 32 команда сынға түседі. Командалар 8 топқа бөлінді. Әр топта 4 клубтан ойын көрсетеді, олардың екеуі плей-офф кезеңіне шығады.