АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның Сан-Паулу қаласында 9-14 желтоқсан аралығында волейболдан әйелдер клубтары арасында әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзілік додада әлемнің сегіз командасы өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстанның тоғыз дүркін жеңімпазы, биыл Азия чемпиондар лигасында үздік шыққан «Жетісу» командасы (Талдықорған) «А» тобында бақ сынайды.
«Жетісу» волейбол клубынан мәлім еткеніндей, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері 10 желтоқсанда беташар матчын «Савино Дель Бене» (Италия) командасымен өткізеді. Содан кейін сол күні «Альянца Лима» (Перу) ұжымымен шеберлік байқасады. 12 желтоқсанда алаң иелері — «Озаску Сан-Кристованмен» (Бразилия) алаңға шығады.
Екі топтан үздік қос команда жартылай финалға жолдама алады.
Осыған дейін клубтар арасындағы әлем чемпионатына 2021 жылы «Алтай» (Өскемен) және бұдан үш жыл бұрын «Қуаныш» (СҚО) қатысқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).