Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуованың айтуынша, донорларды қан тапсыруға жібермеудің себептері донацияға дейінгі және одан кейінгі кезеңдерге бөлінеді.
— 2025 жылы Қазақстан бойынша донацияға дейін 66 190 адам қан тапсыруға жіберілген жоқ. Көбіне азаматтарға гемоглобин деңгейінің төмендеуіне, қан талдауы көрсеткіштерінің өзгеруіне, бауыр қызметін сипаттайтын аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің жоғары болуына немесе денсаулық жағдайына байланысты қан тапсыруға рұқсат берілмейді, — деді спикер.
Сондай-ақ оның айтуынша, инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтар, екі қан тапсырудың арасындағы белгіленген мерзімді сақтамағандар, донация алдында тамақтану тәртібін бұзғандар, соңғы 48 сағат ішінде алкоголь ішкен немесе белгілі бір дәрі-дәрмек қабылдаған адамдар қан тапсыра алмайды.
Ал қан тапсырылғаннан кейін әрбір донация зертханалық тексеруден өтеді.
— Егер зерттеу барысында В және С вирусты гепатиттерінің, АИТВ-инфекциясының, мерездің маркерлері немесе anti-HBc, anti-HBs көрсеткіштеріндегі өзгерістер анықталса, мұндай донорларға тұрақты түрде медициналық шектеу қойылады, — деді бөлім басшысы.
Бұл талаптар донорлардың денсаулығын қорғауға, реципиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қан компоненттерінің сапасын сақтауға бағытталған.
Бұған дейін татуировка мен пирсинг жасатқан адамның неге қан доноры бола алмайтыны жөнінде жаздық.