ҚМА Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыруға қатысты бес істі тергеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне байланысты қылмыстық істердің тергелу барысы жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылы Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің өндірісінде қор қаражатын жымқыруға байланысты бес қылмыстық іс болған. Аталған істер бойынша бес адам күдікті деп танылған. Тергеу қорытындысымен бір іс сотқа жолданып, қалған төрт іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Агенттік атап өткендей, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайтынын және олар тек прокурордың рұқсатымен, тергеу мүддесіне нұқсан келтірмейтін әрі өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтын көлемде ғана жария етілетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінде елеулі заңбұзушылықтар бар екенін айтып, әлеуметтік саладағы жемқорлық тетіктеріне қатысы бар тұлғаларды анықтауды тапсырған еді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Қор қаржысын жымқырған кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.