Ведомствоның мәліметінше, ол «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінген. Сот күдіктіні қамауға санкция берген.
Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанда интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын жүйе құрылған.
— Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған. Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер М. У. Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялату міндеті жүктелген, — делінген хабарламада.
Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ жарияланымдардың қамту аудиториясы туралы ақпаратты жинаған. Жарнама құны осы көрсеткіштерге қарай белгіленген.
Агенттік мәліметінше, ол осылайша 35-тен астам блогерді, оның ішінде Қайсар Қамза есімді блогерді тартқан.
Аудиториясы кең Қайсар Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Ол әрбір пайдаланушының сілтеме арқылы өткені үшін сыйақы алып отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі Махмуд Хикматовтың қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды кезекші бөлімге хабарласуға шақырады: 7 (717-27) 0-84-78.
Агенттік ақпарат берген азаматқа сыйақы төленетініне және оның аты-жөні құпия сақталатынына кепілдік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторингі агенттігінің Астана бойынша экономикалық тергеу департаменті 26 жастағы Махмуд Хикматовқа іздеу салғанын хабарлағанбыз.
Оның алдында қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамза биыл 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған еді.