ҚМБД: 2014 жыл - «Дін мен дәстүр» жылы

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл - «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Мүфти-хазреттің мешіт имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта төмендегідей іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асыратын болады:

1. Тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту; 2. Исламмен біте қайнасқан салтымызды насихаттау; 3. Жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру; 4. Имандылықты жырлаған қазақтың ақын-жазушылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен баға жетпес бай мұрасын насихаттау; 5. Жамағатқа шариғаттағы әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіру; 6. Жамағатты салт-дәстүрді құрметтеуге, қастерлеуге үгіттеу; 7. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. «Осы бағытта конференциялар мен кездесулер ұйымдастыруды, арнайы уағыз-насихат жүргізуді, кітапшалар шығаруды, телерадио жобаларын жүзеге асыруды тапсырамын», - делінген Ержан қажы Малғажыұлының имамдарға жолдаған Үндеуінде. Айта кеткен абзал, жуырда Бас мүфтидің бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жамағатқа жол жартты. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған, әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішев қостаған ұлтымыздың қос қанатты іспеттес - дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттайтын тұңғыш туынды зиялы қауым өкілдерінің қызу қолдауына ие болды. Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының екінші, үшінші томын шығару көзделіп отыр.