Соңғы жылдарда мұсылман қыз-келіншектердің шариғат талабына сай киінуі елімізде көп талқыланатын өзекті тақырыпқа айналды. Негізінде, қасиетті Құранның «Нұр» сүресінде шариғатқа сай киінудің парыздығы мен талаптары анық айтылған. Ата-бабаларымыз мәдениетіміз бен ғұрпымызға, ұлттық салт-санамызға сай сан түрлі әсем, әрі келісті ұлттық төл киім үлгілерін (сәукеле, орамал, кимешек, т.б.) жасап шығару арқылы сол талаптарды толық орындап келген. Алайда заман мен талғамның өзгеруіне байланысты қазір бұл санаттағы киімдер тек сахнада ғана киіледі. Ал шариғат бойынша киінгісі келген қыз-келіншектер шетелде тігілген киімдерді алып киюге мәжбүр.
Киім үлгілеріне мынандай талаптар қойылған: біріншіден, Шариғат талаптарына сай болуы тиіс; екіншіден, киім үлгілерінде қазақ халқының ұлттық нақыштары көрініс табуы керек; үшіншіден, бүгінгі заман эстетикасы мен талғамына сай болуы шар; төртіншіден, киім үлгісі көрікті және қоғамдық орындарда күнделікті киіп жүруге жеңіл әрі ыңғайлы болуға тиіс.
Тігілген киім жобасының jpg форматындағы түрлі-түсті суреті 2011 жылғы 1 қыркүйекке дейін bayge2011@mail.ru электронды поштасына жіберілуі қажет.
Сараптау барысында бас киім, жұмыс киімі және күнделікті киім үлгілері басты назарға алынбақ.
Жеңімпаздар арнайы ұйымдастырылатын салтанатты кеште марапатталады.
Байқау жүлделеріне келсек: Бас бәйге - «Ең үздік бас киімге» - 750 000 теңге, І орынға - 500 000, ІІ орын - 400 000, ІІІ орын - 300 000 теңгеден 2 адамға және ынталандыру сыйлықтары 150 000 теңгеден бес адамға беріледі.
Байқаудың Бас демеушісі, «Мейірімділік жолы - 2010» қоғамдық қоры.