ҚМДБ: Қайтыс болған адамның ағзасын тірі адамға салу «аманатқа қиянат» емес
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Қожамұратов орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ағза донорлығы туралы шариғат үкімдерін түсіндірді.
- Әрине, ондай хабарларды естіп жатамыз. Адамның тәні дінде аманат екенін, аманатқа берілген тәнді сол күйінде тапсыру керек деген секілді сөздерді жиі айтады. Аманат ұғымына тоқталсақ, Ислам дінінде салауатты өмір сүру – міндет. Денең, ағзаң сол жағынан аманат. Ал шариғат рұқсат берген дүниелер аманатқа қиянат болып есептелмейді. Яғни, тірі адамнан тірі адамға болсын, қайтыс болайын деп жатқан адамның өз ағзасын көз жұмғаннан кейін басқа адамға салуға келісім беруіне шариғатта рұқсат болғандықтан, бұл аманатқа қиянат болып есептелмейді, - деді дін өкілі.
Айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы ғұламалар кеңесі бұл мәселе туралы бірнеше жыл бұрын пәтуа шығарып тастаған.
- Бұл діни ресми құжат болып есептеледі. Осы пәтуада әлемнің белді пәтуа беретін мекемелерінің тәжірибелері, ғалымдардың пікірлері ескерілген. «Өзіндік шарттарымен тірі адамнан тірі адамға да, қайтыс болған адамнан тірі адамға да ағза ауыстыруға болады, - деген пәтуа шықты. Бұл – дініміздің құран-сүннеттеріне, ғалымдарымыздың пікіріне негізделген құжат. Сондықтан дін жағынан мәселе болмау керек деп есептейміз. Дегенмен кейбір адамдардың оған дайын болмауы, жеке нанымдары шешім қабылдауға кедергі болуы мүмкін, - деді Елбек Қожамұратов.
Бұған дейін Назгүл Жангелдина елімізде 10 мың адам ғана донор болуға келіскенін мәлімдеген еді.