Келіссөздер нәтижесінде САК Қажылық министрлігі Қазақстан Қажылық Миссиясына бірқатар жаңа талаптар қойды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында КОНКУРС жариялайды, деп хабарлайды ҚМДБ Қажылық бөлімі.
Конкурс талаптары төмендегідей:
1. Туристік фирманың тіркелгені туралы куәлігінің болуы;
2. Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің болуы;
3. Туроператорлық лицензиясының болуы;
4. ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде қажылық және умра сапарын ұйымдастырғаны жайлы тәжірибесінің болуы;
5. Өз қызметі аясында САК қажылық министрлігінен (мухаләфә/ереже бұзу) немесе ҚМДБ тарапынан ереже бұзғаны туралы ескертпенің болмауы;
6. ҚР аумағында кемінде халыққа сапалы қызмет көрсететін офисінің болуы;
7. САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) қаржысының кемінде 300 кісіге төленгендігі туралы түбіртектің болуы;
8. САК Азаматтық Авиация Комитетінің аккредитациясынан өткен Әуе тасымалымен айналысатын «Эйр Астана» немесе «Флай Нас» әуе компанияларының операторларына билет қаржысының кемінде 300 кісіге 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы;
9. Қажылық миссиясына кемінде 300 кісіге төленген жарнаның түбіртегінің болуы міндетті.
Ескертпе:
* Хадж чекке байланысты төлемді САК қажылық министрлігіне қарасты құзырлы мекеменің есепшотына төлеу.
* Әуе тасымалына байланысты төлемді қажыларды тасымалдайтын әуе компанияның ресми операторының есепшотына төлеу.
* Қажылық миссиясына қатысты төлемді ҚМДБ қаржы бөліміне төлеу.
* Аталған құжаттар мен түбіртектер ҚМДБ Қажылық бөліміне 2016 жылдың 29-шы сәуіріне дейін өткізілуі тиіс және конкурстан өткен туристік фирмалар мен ҚМДБ арасында екі жақты келісімшарт жүргізіледі.