ҚМДБ-ның жанайқайымен Астанада сүйісуден жарыс болмайтын болды

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - 9 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астанада жастар арасында сүйісуден өтетін жарысқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

«Ғасырлар бойы мұсылман болып келген қазақ елі небір зұлматтардан аман өтіп, жаңа заманға аяқ тіреп, еңсесін тіктеп, иманды өмірге бет бұра бастағанда, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Сарыарқаның төсінде, дәлірек айтқанда, әсем қала Астанада жастар арасында сорақы сайыс өткізу туралы «бастама» есті жұртты елең еткізді һәм ұлт пен дін жанашырларының наразылығын тудырды. Оған 13 шілде күні өтетін сайыста Астана жастарының ардан безуі себеп болмақ», - делінген болатын мәлімдемеде.

Еске салсақ, 2010 жылдың 25 желтоқсанында сүйісуден жарысты ұйымдастырмақшы топ «Нұр Астана» мешіті жанындағы «ASIA PARK» сауда үйінде тырдай жалаңаш жастар жарысын өткізген болатын. Енді екі күн бойы (48 сағат) бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған жастарды ұзақ сүйісуден жарыстырмақ болды.

«Жастарды жалаңаштау да, сүйістіру де - түптеп келгенде ұлтты азғындыққа салудың алғашқы баспалдақтары. Бұл біздің елдің имандылығы мен адамшылығын сарапқа салары анық. «Күнәлі іспен «Гиннес» кітабына енеміз» деген ойдың өзі неткен қорқынышты, әрі жиіркенішті. Ел төрінде осындай сорақы істі болдырмауға баршамыз жауаптымыз. Сондықтан «арым - жанымның садағысы» деп өткен арда қазақтың бүгінгі ұрпақтары бұл іске бей-жай қарамайды деген сенімдеміз», - деп жазды ҚМДБ өкілдері.

Бүгін таңертең ҚМДБ кезекті ақпарат таратып, онда сорақы сайыс тоқтатылғандығын айтты.

«ҚМДБ мәлімдемесін еліміздің тіліміз бен дінімізге жанашыр сайттары, баспасөз құралдары жариялағанын айту керек. Қоғам қайраткерлерінің, БАҚ өкілдерінің, дін қызметкерлерінің жанайқайы бәлелі іске бастамашыл болғандардың құлағына жетсе керек. Сайыс болмайтын болды. Аллаға сансыз шүкір!», - делінген баспасөз хабарламасында.