Өңірлік коммуникациялар қызметінде Құқықтық түсіндіру жұмысы мен заң қызметін көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Бақтымбетованың сөзінше, азаматтарға табыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан өз құқығын қорғауға мүмкіндік беретін жағдай жасалған.
- Конституция әркімге білікті заң көмегін алуға, заңда көзделген жағдайларда заң көмегін тегін алуға құқық береді. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесі аз қамтылған және әлеуметтік осал топтардың құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғауға, сондай-ақ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл саладағы негізгі нормативтік акт – „Адвокаттық қызмет пен заң көмегі туралы“ Қазақстан Республикасының Заңы», – деді Айгүл Бақтымбетова.
Заң көмегінің ең қолжетімді түрі – құқықтық ақпарат беру. Заңнама туралы жалпы ақпаратты барлық жеке және заңды тұлғалар еш шектеусіз ала алады. Бұл заң нормасын түсіндіру, белгілі бір жағдайда қандай әрекет жасау керегі туралы ақпарат беріп, құқықтық материалды жариялауды қамтиды.
Ал құқықтық кеңес бір мәселеге қатысты неғұрлым жан-жақты көмек көрсетуді көздейді. Кеңес ауызша немесе жазбаша түрде берілуі мүмкін. Алайда мұндай көмекті заң бойынша оған құқығы бар азаматтарға ғана көрсетеді.
Мемлекет кепілдік берген көмектің тағы бір түрі – қорғау мен өкілдік ету. Адвокаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процеске қатыса алады, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдағы мүддесін білдіреді.
Тегін консультация, қорғау мен өкілдік ету көмегін кім ала алады:
* атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған азаматтар,
* Екінші дүниежүзіліс соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар,
* мүгедектігі бар адамдар,
* жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ала алады.
Мұндай көмек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, адам саудасынан зардап шеккендерге де көрсетіледі. Кейде қылмыстық және азаматтық процестік заңнамада көрсетілген азаматтардың басқа да санаты бұл құқыққа ие.
Алматы қалалық адвокаттар алқасы президиумы төрағасының орынбасары Гүлнар Байғазина мұндай көмекті нақты кімдер көрсететінін түсіндірді.
- Тегін заң көмегін көрсету кәсіби заң қоғамдастығына жүктелген. Адвокаттар азаматтарға консультация береді, оларды қорғап, соттарда, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында мүддесін білдіреді. Заң кеңесшілері заңда белгіленген рәсім шеңберінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысады. Нотариустар жекелеген жағдайда жеңілдікті санаттарға жататын азаматтарға нотариаттық әрекетті іске асырады, – деді маман.
Көрсетілген көмектің сапасы мен көлемін Әділет министрлігі, адвокаттар алқасы мен заң кеңесшілері палаталары бақылайды. Олар сондай-ақ есептілікті жинақтап, қалыптастырады. Жүйені одан әрі дамытудың негізгі бағытының бірі – цифрландыру. Азаматтарға заң көмегін онлайн форматта қолжетімді ету, ал мамандардың жұмысын барынша ашық ету жоспарланып отыр.
Еске салсақ, Астанада тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілген еді.