ҚМГ басшысы ExxonMobil-мен бірлескен компания құру жөніндегі ақпаратты растамады

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қашағанның батыс бөлігін игеру үшін ExxonMobil компаниясымен бірлескен компания құру жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та ExxonMobil мен ҚМГ Қашағанның батыс бөлігін игеру үшін 50/50 үлесімен бірлескен кәсіпорын құрылатыны хабарланған еді.

- Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жаңалықты оқып шықтым. «ҚазМұнайГаз» тарапынан Bloomberg-те жазылған мәліметті растамаймын, - деді Асхат Хасенов «Самұрық-Қазына» қоры Қоғамдық кеңесінің отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, ExxonMobil компаниясы ҚМГ-ның көптен бергі сенімді серіктесі. Ұлттық компания онымен технологияларды дамыту жөнінде бірқатар келісімге қол қойған. Дегенмен, шетелдік БАҚ-тағы кен орнын игеру бойынша деректер расталмады.

Еске салсақ, жақында Премьер-министр Олжас Бектенов ExxonMobil Upstream компаниясының президенті Дэн Амманмен кездесті. Онда ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.