«ҚМГ» Ұлттық компаниясы мен «Kazenergy» Астанадағы қазақ-түрік лицейінде ашық сабақ өткізді

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Kazenergy» қауымдастығы Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінде химия пәнінен ашық сабақ өткізді.

Салалық сыныптағы ағымдағы жылғы алғашқы сабақты Инвестициялардың табыстылығын зарттеу жөніндегі агенттіктің талдаушысы Олжас Байділдинов өткізді. Ол Мексика шығанағындағы экологиялық апат туралы әңгімелеп, теңізде мұнай өндірудің экономикалық, технологиялық және экологиялық аспектілерін айтып берді.

Өткен жылдың қыркүйек айында лицей оқушылары үшін «ҚазМұнайгаз»-«Kazenergy» оқу сыныбы ашылып, оған химиялық реактивтер мен ақпараттық тақталар сатып алынды. Сыныпта «ҚазМұнайГаз» компаниясының мамандары мен мұнай-газ саласының талдаушылары дәрістер оқиды.

Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын, соның ішінде мемлекеттік тілді дамытуды жүзеге асыру шаралары аясында ұйымдастырушылар қазақ-түрік лицей оқушыларына қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерін сыйға тартты.

Қазақ-түрік лицейі - халықаралық білім беру стандарттарына негізделген жоғары деңгейдегі білім ордасы. Білім беру төрт: қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Лицей түлектері білімдерін Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Қытай және Польшаның жоғары оқу орындарында жалғастыруда.