Кімге грант көп, кімге жұмыс жоқ: еңбек нарығында ахуал қандай

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы науқан жастардың мамандық таңдауы мен еңбек нарығы сұранысы арасындағы алшақтықты айқын көрсетті. Кейбір мамандық бойынша бір орынға 30-дан астам талапкер үмітті болса, ел экономикасы үшін аса маңызды техникалық, педагогикалық және ауыл шаруашылығы бағыттарына қызығушылық төмен болды. Kazinform осы мәселелердің себеп-салдарын талдап көрді.

Ең сұранысқа ие мамандар кімдер?

Қазіргі таңда техникалық және педагогикалық бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бұл тапшылықтың ауқымын айқын көрсетеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, 2030 жылға дейін ел экономикасына шамамен 883 295 білікті маман қажет болады. Оның ішінде: инженерлік және аграрлық бағытта – 529 977, педагогикалық салада – 185 491, гуманитарлық, бизнес, қызмет көрсету және өзге салаларда – 167 826 маман қажет.

Фото: Kazinform

Бұл көрсеткіштер техникалық және педагогикалық мамандықтардың еңбек нарығындағы маңызын анық көрсетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Адина Құлбаева қазіргі кадр тапшылығының ауқымын былай сипаттады:

- Қазіргі таңда бір мезгілде екі қарама-қайшы құбылыс байқалады – жұмыссыздық деңгейі бар болғанымен, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және IT салаларында білікті мамандардың тапшылығы қатты сезіледі. Экономиканың технологиялық құрылымы өзгеріп келеді. Осыған байланысты 3,5 млн астам жұмысшыны қайта даярлау қажет болады, – дейді сарапшы.

Сонымен бірге ол болашақта тек техникалық мамандар ғана емес, әлеуметтік салаларға да жоғары сұраныс сақталатынын айтады. Орта мерзімді болжам бойынша, 2035 жылға қарай білім беру саласына – 447,7 мың, ал денсаулық сақтау саласына – 240,4 мың жаңа маман қажет болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл қажеттілікті ескере отырып, мемлекеттік гранттардың негізгі бөлігін дәл осы бағыттарға бөлгенін хабарлады. Министрлік өкілі Жанна Есинбаева атап өткендей:

- Инженерлік-техникалық бағыттарда кадр тапшылығы өндіріс орындарында айқын сезіледі. Педагогикалық мамандықтар да ерекше сұраныста, әсіресе ауыл мектептерінде мұғалімдер жетіспейді. Сол себепті мемлекеттік гранттардың 81%-ы осы екі бағытқа бағытталды.

Өңірлерде кадр жетіспеушілігінің ең жоғары деңгейі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында байқалады. Орта мерзімді жоспар бойынша 2035 жылға қарай тек осы үш мегаполистің өзіне шамамен 869 мың жаңа жұмысшы керек болады. Бұл еңбек нарығындағы дисбаланстың алдағы онжылдықта күшейе түсуі мүмкін екенін аңғартады.

Жастар таңдауы мен еңбек нарығының алшақтығы

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 оқу жылына қабылдау қорытындысы жастардың қай мамандықтарды көбірек таңдайтынын айқын көрсетті. Мәселен, стоматология мамандығына бір орынға 35 талапкер таласқан. Сондай-ақ халықаралық қатынастар, аударма ісі, психология және заң салалары бойынша да конкурс жоғары деңгейде болған.

Фото: Kazinform

Ал еңбек нарығында аса қажет мамандықтар жастар арасында қызығушылық тудырмай отыр. Мәселен, химиялық инженерия (0,14), мал және өсімдік шаруашылығы (0,12–0,14), мектепке дейінгі оқыту (0,10) және балық шаруашылығы (0,06) сияқты бағыттарда бір орынға үміткерлер саны өте төмен болған.

Фото: Kazinform

Грант бөлу және шекті балл 

Биыл мемлекеттік гранттардың негізгі бөлігі техникалық және педагогикалық бағыттарға бөлінгенімен, талапкерлер арасында шекті балл жүйесіне қатысты түсінбеушілік көп. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттардың 81%-ы дәл осы салаларға бағытталды. Алайда кейбір ұлттық және жекеменшік университеттер (ЕҰУ, ҚБТУ, SDU және т.б.) талапкерлер үшін 90–100 балл аралығында ішкі шекті балл енгізді.

Көптеген талапкер бұл шекті балл мемлекеттік гранттан айырылып қалу қаупін туғызады деп түсінді. Алайда «Білім туралы» заңға сәйкес, әрбір жоғары оқу орны қабылдау ережелерін өзі бекітеді және ішкі шекті балл талапкердің мемлекеттік грант алу құқығын шектемейді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева бұл жүйенің мақсатын түсіндірді.

- Шекті балл – талапкерлердің білім сапасын арттыру үшін енгізілген. Университеттер грантқа ие болған студенттерге қосымша емтихан қоюға немесе өздерінің ішкі шекті балын белгілеуге құқылы. Бірақ бұл талапкердің мемлекеттік грант алу құқығын шектемейді, – деді ол.

Мемлекеттік грант және үш жылдық міндет: түлекке қойылатын талаптар

Мемлекеттік грантпен білім алған студенттердің оқуын бітірген соң мамандығы бойынша міндетті түрде үш жыл жұмыс істеуі – еліміздегі кадр тапшылығын шешудің және еңбек нарығындағы теңгерімді сақтаудың маңызды тетігі. Бұл талап мемлекет бөлген қаржыны тиімді пайдалану ғана емес, жастардың алған білімін нақты тәжірибеде қолдануына жағдай жасайды. Дегенмен бұл тәртіп қоғамда жиі талқыланып, оны бақылау мен толық орындалу мәселелері әлі де өзекті болып отыр.

Түлектер оқуын аяқтағаннан кейін үш жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет оқуына кеткен шығынды қайтаруды талап етеді. Түлектердің жұмысқа орналасуын бақылауды «Қаржы орталығы» жүргізеді. Әр университет бітірушілерді жұмысқа жолдайтын арнайы комиссия құрады. Биыл да оқуын аяқтағандар 1 қыркүйекке дейін жұмысқа орналасуы тиіс. Бұрын тек мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұру міндеттелсе, қазір жеке секторда еңбек етуге де мүмкіндік бар. Жұмыс істеген кезең толық есепке алынады, ал түлек үш жылды толық өтемесе, тек жұмыс істемеген мерзімге сәйкес шығынды өтейді.

Фото: Kazinform

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, бұл жүйе еңбек нарығына жаңа мамандарды тартудың тиімді құралы болып отыр.

- Түлектердің мамандығы бойынша жұмыс істеуі мемлекет қаржысын тиімді пайдалануға және жастардың алған білімін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік береді. Университеттер жыл сайын арнайы комиссия құрып, бітірушілерге жұмысқа жолдама береді. Міндеттің орындалуы зейнетақы аударымдары арқылы бақыланады. Бұл талап гранттық жүйенің тұрақтылығын сақтап, кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді, – дейді ол.

Соңғы үш жылда, яғни 2022–2024 жылдары, грантпен оқыған 168 мыңнан астам түлек оқуын тәмамдады. Оның ішінде 60 мыңнан астамы жұмыс істеп жүр, 619 түлек үш жылдық міндетін толық орындап шыққан, ал 42 мыңға жуық түлек заңда көрсетілген себептермен жұмыспен өтеуден босатылған.

Мамандықты ауыстыру мүмкін бе?

Қоғамда жиі қойылатын тағы сауалдың бірі – Мамандықты ауыстыруға бола ма? Бұл мәселе бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінен сұрап білдік. Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, заң бойынша мемлекет азаматтарға бір деңгейде (колледж, бакалавриат, магистратура және т.б.) тек бір рет тегін оқу мүмкіндігін береді.

Егер сіз грантпен бір деңгейде білім алып қойсаңыз, екінші рет сол деңгейде тек ақылы негізде ғана оқи аласыз. Бұл талап мамандығын өзгерткісі келетіндер үшін қайта даярлау немесе бейімдеу курстарының маңызын арттырады. Өйткені жаңа бағытқа қайта түсіп, толық оқу орнына барудың орнына қысқа мерзімді қайта даярлау арқылы да қажетті біліктілік алуға болады.

Қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?

Еліміздің өңірлерінде қазір Жаңа мамандықтар атласы жасалып жатыр. Бұл - еңбек нарығының болашағын болжауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Атлас тек жаңа мамандықтар мен трендтерді ғана емес, жойылып кету қаупі бар салаларды да анықтап отыр.

Бүгінгі күні 9 өңірлік Атлас әзірленіп, онда 50-ден астам дәстүрлі мамандықтың жойылу немесе түбегейлі өзгеру қаупі бар екені көрсетілді. Мәселен, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарының Атластарында өндірісті автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау сияқты технологиялық өзгерістер көптеген дәстүрлі мамандыққа әсер ететіні анықталған. Алдын ала болжам бойынша, мұнай-газ, тау-кен металлургия кешені, көлік пен логистика, энергетика, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау, ІТ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ креативті индустрия мен туризмнің кейбір бағыттары алдағы жылдары толықтай өзгеруі немесе жойылып кетуі мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Адина Құлбаева болашақта сұранысқа ие болатын жаңа бағыттарды да атап өтті.

- Алдағы жылдары ең көп сұранысқа ие мамандықтар – деректер және цифрлық шешімдер мамандары (Data Science, DevOps, аналитиктер), робототехника және мехатроника инженерлері, «жасыл» энергетика мен экология саласының мамандары, сондай-ақ «ақылды» инфрақұрылым дизайнерлері болады. Бұл - тек ІТ немесе техникалық бағыттар ғана емес, экономиканың барлық саласын қамтитын кешенді өзгерістер, – деді ол.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева Атластың негізгі мақсатын түсіндірді.

- Жойылып бара жатқан және түрленіп жатқан мамандықтарды анықтау – кадр даярлау жүйесін дұрыс бағыттаудың маңызды бөлігі. Атлас жастарға болашақта қай салада жұмыс табу оңай болатынын және қандай мамандықтарға сұраныс артып келе жатқанын түсінуге көмектеседі, – дейді ол.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сараланған грант жүйесі қалай жұмыс істейді?

2024 жылдан бастап кейбір жоғары оқу орындарында жаңа сараланған грант жүйесі енгізілді. Бұл гранттың ерекшелігі – оқу ақысының белгілі бір бөлігін мемлекет төлейді, ал қалғанын студент немесе оның ата-анасы өзі өтейді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл барлығы 300 сараланған грант бөлінді. Нақтырақ айтқанда, педагогикалық ғылымдар – 150 орын, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 150 орын.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, сараланған грант иегерлеріне де мемлекеттік грант алған студенттер сияқты талап қойылады.

- Оқу бітірген соң олар мамандығы бойынша жұмыспен өтеуі тиіс. Бұл талап оқу мерзіміне қарай есептеледі, – деді ол.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы үш жылға бекітілген және ресми ақпараттық ресурстарда жарияланған.

Сарапшылар жастардың кәсіби таңдауы мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты тек грант санын арттыру арқылы шешу мүмкін еместігін айтады. Бұл бағытта техникалық және педагогикалық мамандықтардың беделін көтеру, мектептен бастап кәсіби бағдарлауды күшейту және қайта даярлау жүйесін жетілдіру маңызды болып отыр.

Жаңа мамандықтар Атласында көрсетілгендей, технологиялық өзгерістер дәстүрлі салалардың бір бөлігін өзгеріске ұшыратып, жаңа бағыттарға сұранысты арттыра түседі. Сондықтан еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделген кадр даярлау мен қайта оқыту тетіктерін жетілдіру – алдағы жылдары назар аударуды қажет ететін басты бағыттардың бірі.