Ол бұл туралы Кazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
«Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына тас-түйін дайын. Кеше ойындардың жеребесі тартылды. Төртжылдықтың басты бәсекесінде осал спортшы болмайды. Жеребеге қарап, қарсыласты бөліп-жармаймыз. Дзюдошыларымыз намыс, абыройды бірінші орынға қойып, ешкімнің титулына қарамай күреседі. Кім мықты, сол жеңіске жетеді», - деді бас бапкер.
Сонымен қатар, бүгін қазақстандық татами шеберлері ертеңгі жарыс алдындағы салмақ өлшеу рәсіміне дайындалып жатқанын атап өтті.
«Ертең күресетін спортшыларымыз бүгін жарыс алдындағы салмақ өлшеу рәсіміне қатысады. Ертең бірінші болып татамиге Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова шығады. Біз спортшыларымызға әрдайым сенеміз және қолдаймыз. Бізбен бірге болыңыздар. Жеңісті сәттердің бірге куәсі болайық», - деді ол.
Айта кетейік, Олимпиаданың алғашқы жарыс күні ел намысын тәжірибелі Елдос Сметов (60 кг) пен Абиба Әбужақынова (48 кг) қорғайды. Осыдан кейін Эсмигуль Куюлова (63 кг), Камила Берлікаш ( 78 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг) сынға түседі. Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады.