«Жеребе тартылып алғашқы қарсыластарымыз анықталды. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Бұл – Олимпиада, ешқашан осал қарсылас болмайды. Олимпиадаға бокстасамыз деп келдік. Жеребе жеңіл түссе де, ауыр түссе де ешкімнен қашып құтыла алмаймыз. Сол үшін кіммен болса да қарсыласуға дайынбыз», - деді бас бапкер Елдос Сайдалин Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар, бас бапкер шәкірттерінің мүмкіндігі туралы да айта кетті.
«50 мен 57 келі салмақта 22 боксшыдан болса, 75 келі салмақта 16 боксшы қыз жұдырықтасады. Осыдан-ақ, кімге қандай мүмкіндік барын бағамдай беруге болады. Жалпы, бізге ешқашан босаңсуға, шаршы алаңда қателесуге болмайды», - деді бас бапкер.
Айта кетсек, осыған дейін қазақ дзюдошыларының қарсыластары белгілі болғанын жазған болатынбыз.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған.