Мемлекет басшысының саяси реформаларын іске асыруға атсалысуды жалғастырамын — Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Сенаттың соңғы төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларын іске асыруға алдағы уақытта да белсенді атсалысатынын мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Журналистердің «Нақты немен айналысуды жоспарлап отырсыз?» деген сұрағына Мәулен Әшімбаев елдегі міндеттердің ауқымды екенін айтып, өзінің қай бағытта болса да Президент саясатын жүзеге асыруға үлес қосатынын жеткізді.

— Бұл туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын. Бүгінде барлық азаматқа, түрлі салаларда еңбек етіп жүрген адамдарға Президенттің саясаты төңірегінде топтасу өте маңызды. Елімізде шешуді қажет ететін міндеттер мен мәселелер өте көп. Сондықтан қай бағытта болсын, Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларының күн тәртібін іске асыруға белсенді қатысуды жалғастырамын деп ойлаймын, — деді ол.

Мәулен Әшімбаев Сенаттағы қызметінің аяқталуына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Сенат Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.

— Сенаторлар Президент реформаларын іске асыру үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастыруға белсенді қатысты. Біз көптеген маңызды, тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа буын заңдары мен кодекстерді қабылдадық. Олар экономикада, әлеуметтік салада және басқа да бағыттарда жүргізіліп жатқан өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталды. Шын мәнінде, бұл заңдар еліміздегі ауқымды трансформацияларға негіз қалады, — деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Мәулен Әшімбаев Құрылтай сайлауында дауыс берді