Кінәлі жоқ, көлік зақымдалған: жүргізуші қандай әрекетке баруы тиіс

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Кім кінәлі болуына қарамастан, шығынды азайтып, өз құқығыңызды қорғау үшін дұрыс әрекет ету өте маңызды. Kazinform агенттігі осындай жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді.

Супермаркеттен немесе кездесуден қайтып келе жатып көлігіңізде соғылған, сызат немесе сынған фара көрдіңіз делік. Жан-жағыңызда жазба да, кінәлі адам да жоқ. Мұндай жағдай жағымсыз, бірақ көп кездесетін жайт. Әсіресе қалаларда, көліктер тығыз тұрып, бәрі тиісті тұрақ жасай бермейтіні себебінен тұрақтағы зақымдану ең жиі кездесетін жол-көлік оқиғаларының бірі саналады.

Осы кезде қалай әрекет ету керек екенін білу маңызды. Кімге қоңырау шалу, нені құжаттау, қандай дәлел жинау және өтемақы алу жолдары туралы осы мақалада толық айтамыз. Бұл сізге сабырлы болып, құқығыңызды қорғауға, жиі болатын қателіктерден аулақ болуға көмектеседі.

Алдымен зақымдалған жерді жақыннан және жалпы көлік тұрғысынан суретке түсіріңіз. Содан кейін тұрақтағы көлігіңіздің орналасуын, көрші көліктерді, жол сызықтарын, бояу іздері, әйнек сынықтары, шинаның ізі сияқты белгілерді де фотоға түсіріңіз.

Полиция келгенге дейін көлікті қозғауға болмайды. Бұл көліктің қай жерде және қалай зақымданғаны туралы даулы жағдайлардың алдын алады және заңға сай, сондай-ақ оқиға орнынан қозғалғаныңыз үшін айыппұл салынбауы үшін қажет. Жол ережесіне сәйкес, оқиға орнынан аз да болса қозғалу — «оқиға орнын тастап кету» болып саналады.

102 нөміріне хабарласыңыз. Оқиға орнын тексеріңіз: маңайда бейнебақылау камералары, күзетші, тұрақ қызметкері бар ма? Көршілес көлікте отырған жүргізуші оқиғаны көрген болуы мүмкін. Куәгер тапсаңыз, оның аты-жөнін және байланыс ақпаратын жазып алыңыз.

Сонымен қатар көрші көліктерді де тексеріңіз. Жақында соғылған, бояу түсі сіздің көлігіңіздің түсіне сай көліктер бар ма? Оларды да суретке түсіріңіз. Көбінесе кінәлі жүргізуші оқиға орнынан алыстамай, басқа жаққа жай ғана тұрақтауы мүмкін. Сондықтан жақын маңдағы қатарларды да қарап шығыңыз.

Егер тұрақта камералар болса, олардың иесі немесе әкімшілігімен байланысыңыз. Полиция арқылы видео сұрату қажет болады, өйткені мұндай жазбалар көбіне бір аптадан артық сақталмайды. Егер камера кінәлі адамның мемлекеттік нөмірін түсірсе, оны табу оңай болады.
Полиция келген жағдайда, оларға кінәлі адам белгісіз екенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын хабарлаңыз. Бұл жағдайда 610-бап бойынша — көлікке зақым келтіру (2025 жылы айыппұл — 20 МРП, яғни 78 640 теңге, және жүргізуші куәлігін 6 айға дейін айыруы мүмкін). Сондай-ақ 611-бап бойынша — оқиға орнын тастап кету бойынша (жүргізуші куәлігін 1 жылға дейін айыру және 50 МРП, яғни 196 600 теңге айыппұл) әкімшілік іс қозғалады.

Бұл жағдайда заңгерлер белсенді түрде полициямен және қарсы тараппен ынтымақтастық танытып, мәселені бейбіт жолмен шешуге кеңес береді. Зақымды өтеп, сотқа дейін бармауға күш салыңыз — бұл сіздің жауапкершілікті жеңілдетеді.

Кінәлі екеніңізді байқамасаңыз да, жауапкершіліктен қашып құтыла алмайсыз. Камералар сіздің көлікке соққан сәтіңізді түсірсе және оқиға орнынан кетсеңіз, айыппұл міндетті түрде келеді. Тіпті егер сіз зардап шеккен болсаңыз да, полиция шақырмай кетсеңіз — жауапкершіліктен құтылмайсыз.

Сонымен қатар полициядан көлігіңіздің зақымдалғаны туралы құжат алыңыз. Оны сақтандыру компаниясына тапсыру керек болады. Егер КАСКО сақтандыруыңыз болса және ол мұндай жағдайды қамтыса, кінәлі адам болмаса да, шығын өтеледі. Егер тек міндетті сақтандыру (ОСАГО) болса, алдымен кінәлі адам табылуы керек, өйткені оның сақтандыруы шығынды өтейді.

Зақымды бағалап, кінәлі табылса, бейбіт жолмен шешіңіз. Егер екінші жүргізуші оқиға орнында қалса, полиция шақырмай тұрып, Еуропротокол толтыруға болады. Ол үшін зақым 100 МРП (393 200 теңге) аспауы, ешкім жарақат алмауы, екі тарап келісуі және сақтандыруы болуы тиіс.
Егер кінәлі сіз болсаңыз Еуропротокол жақсы шешім. Оны толтырсаңыз, әкімшілік айыппұл салынбайды. Ал болмаса да, көліктің кішкене сызатын төлеу айыппұлдан арзанырақ болады.
Шығын 100 МРП-ден асып, келіспеушілік болса, полицияны шақырғаныңыз жөн. Егер жағдай күрделі болса, оқиғаны дереу заң аясында тіркеу маңызды. Заң бойынша, кішігірім сызат та жол-көлік оқиғасы болып есептеледі.

Кінәлі адам шығынды толығымен өтеуге міндетті: өз күшімен немесе сақтандыру арқылы, сот шешімімен.

Қауіпсіздікті арттыру үшін тұрақ режимі бар видеорегистратор орнатыңыз (көлікке соққы тиген кезде автоматты түрде жазба басталады). Камералар көретін және қозғалыс аз жерлерде тұрақтаңыз. Тығыз және күрделі тұрақтардан аулақ болыңыз.

Бұған дейін, жол апатына кінәлі адам оқиға орнынан із суытып кеткен жағдайда не істеу керектігін және қашып кеткен адамның қандай жазаға тартылатынын анықтап көргенбіз.