КО аясында мұнайды мұнай өнімдері түрінде заңсыз алып өту жолымен төлемдерден жалтару қылмыстық сызбасы анықталды

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Кеден одағы аясында мұнайды мұнай өнімдері түрінде заңсыз алып өту жолы арқылы міндетті төлемдерден жалтару қылмыстық сызбасы анықталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі Экономикалық және қаржылық қылмыстарды тергеу департаментінің бастығы Жанат Еліманов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, өткен жылы Кеден одағы аясында мұнайды мұнай өнімдері түрінде заңсыз алып өту жолы арқылы міндетті төлемдерден жалтару қылмыстық сызбасы анықталған.

«Атап айтқанда, ресейлік компаниялармен Қазақстанға өңдеу үшін деген сылтаумен мұнай жеткізіліп, одан ары өңдеусіз мұнай өнімі түрінде экспортқа жөнелтіледі», - деді Ж.Еліманов жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы тұру жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы барысында.

Департамент басшысының атап өтуінше, жыл сайын 300 мың тоннадан астам мұнай өнімдерінің экспортқа шығарылатынын ескерсек, осы сызбаны пайдалаудың салдарынан мемлекетке миллиардтаған шығын келуде.