Көбінесе орташа және ағымдағы жөндеуден өткен жолдардың сапасы сынға алынып отыр - Автокөлік жолдары комитеті

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жол құрылыстарына 240 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада Көлік және коммуникация министрлігі Автокөлік жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2010 жылы автокөлік жолдары саласындағы шараларға тоқталатын болсақ, жалпы қолданыстағы жолдарға, оның ішінде Жол картасы аясындағы қаржыландыруды ескергенде жол құрылыстарына 240 миллиард теңге қарастырылып отыр»,-деді комитет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, республикалық жолдарға 173,8 млрд. теңге, жергілікті жолдарға 37,3 млрд. теңге, сондай-ақ Жол каратасы бойынша 29,2 млрд. теңге бөлінбек.

Қазіргі кезде пайдаланылып отырған жолдардың ахуалына тоқталған З. Сағынов, бүгінде автокөлік жолдарының 66 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін жеткізді.

«Жалпы қолданыстағы, сондай-ақ жергілікті желідегі жолдарды қосқанда 5 мың шақырымнан астам автожолды жөндеу жұмыстарымен қамту көзделіп отыр», -деді комитет басшысы.

Қазіргі кезде Үкімет басшысының және министрліктің блогына жолдардың жағдайына байланысты сауалдар түсіп жатқанын айтып өткен ол, «министрдің блогына 2009 жылдың ақпаны мен 2010 жылдың сәуірі аралығында түскен 600-ден астам сауалдың 249-ы автокөлік жолдары комитетіне тиесілі. Атап айтқанда бұл жергілікті және республикалық маңыздағы жолдарға қатысты. Оның ішінде 112 сауалдағы мәселеде республика бойынша жол қызметтері сынға алынған», деді. З. Сағыновтың айтуынша, ел тұрғындары тарапынан көбінесе орташа және ағымдағы жөндеуден өткен жолдардың сапасы сынға алынған.

Айта кетейік, 2009 жылы бұл саланың бюджеті 199,5 млрд. теңгені құраған еді. Оның ішінде республикалық жолдарға 101 млрд. теңге, ал жергілікті жолдарда 98 млрд. теңге игерілді.