«Қобыланды батыр» жыры Варшавада поляк тілінде жарыққа шықты

ТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай Варшавада қазақтың мазмұнға аса бай, қастерлі де өлшемді жанрларының бірі болып табылатын батырлық эпосы - «Қобыланды батыр» жыр кітабы жарық көрді.

Поляк тілінде жарық көрген кітаптың шығуына Қазақстан Елшілігі бастама жасаған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Поэма поляк оқырмандары үшін қазақтың дәстүрлі мәдениетінен сыр шертіп, қазақ тілінің байлығы мен көркемділігін паш етеді. Қазақ батырының ерліктері туралы эпостық баспа туындысы көп бояулы болып безендіріліп, батырлық айқасқа жан бітіретіндей кескінмен, бай суреттемемен көмкерілген.

Шығарманың алғы сөзінде Польшадағы Қазақстанның елшісі Алексей Волков: «Біз болашақты анық бағамдау үшін өткенге көз саламыз. Қазақстан халқының бірлігі оның тарихында да аса маңызға ие болды, бұл фактор қашанда қуаттылықтың кепілі және ел дамуының басты қозғаушы күші болып келеді әрі солай болып қала береді», деп жазған. Елшінің пікірінше, «халықтар ынтымақтастығы идеясы және егемен тәуелсіз Қазақстанға деген зор сенім кешегі және бүгінгі тарихи тұлғаларды - Қобыланды батыр мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көзге байқалмайтын сабақтастықпен байланыстырады».

Жалпы бұл дипломатиялық өкілдіктің Қазақстан туралы Польша елінде жарыққа шығарған осымен 9-шы баспалық туындысы. Бұл ретте дипломаттар поляк және қазақ тілінде кітаптар шығару ісінің екі ел арасындағы мызғымас достықтың, тарихи және мәдени дәстүрлердің терең ортақтығының көрінісі болып табылатынын айтады. Ал мазмұнға бай батырлық эпос болып табылатын кезекті кітап, поляк оқырмандарының қазақ халқының мәдени мұрасына деген үлкен қызығушылығын, онымен жақынырақ танысу ниетін тудыратыны сөзсіз.

Қазақ ауыз әдебиетінде «Қобыланды батыр» жыры ерекше орынға ие. Бұл мазмұны жағынан да, басқа батырлық жырларға қарағанда шоқтығы биік тұрған халықтық шығарма, ерлік эпопиясы. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген қазақ халқының қаһармандық жырында туған отанын басқыншылардан қорғаған Қобыланды батыр жайында жырланады. Бұл туынды қазақ халқының өміріндегі өзіндік энциклопедия, қазақтың ұлттық дүниетанымы іспеттес.