"Қобызшы Молықбай шал Матайдағы" атты сахналық қойылым көпшілікке ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ал, үміткерлер қыл қобыз және прима қобыз номинациялары бойынша бақ сынасты. Молықбай Байсақұлы Ақсу ауданы Қосағаш ауылында 1857 жылы дүниеге келген. Ол шебер қобызшы, сазгер, емші, кеңестік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны ретінде есте қалған. Молықбай - жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың кіндік әкесі. Әрі ақынның "Құлагер" поэмасының бас кейіпкері болған.
Байқау Ілияс Жансүгіров ауылындағы Молықбай Байсақұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Мұнда алғаш рет облыстық қобызшылар байқауы ұйымдастырылып отыр. Шараға 17 ауданның қобызшылары келіп қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай сайыстар таланттарды шабыттандырып, шеберліктерін ұштай түседі. Ал жарыстың бас жүлдесін Ақсу ауданының тұрғыны Нәзерке Нұрмұханбетова қанжығалады. Жеңімпаз 2-ші сыныптан бастап қобыз тартады екен. Бүгінде ол өнер мектебінде сабақ береді.
Шарада "Қобызшы Молықбай Байсақұлы" атты конференция ұйымдастырылды. Басқосуда тарихи тұлғаның артында қалдырған мұралары таныстырылды. Соңы қобызшылар байқауының Гала концертіне жалғасты.