Кодекс жобасы: Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері ұлғайтылған салық төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Салық кодексінің жаңа редакциясын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сән-салтанат салығы кімдерге қолданылатын айтты.
- Біз «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды ұсынамыз. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарланып отыр. Әділдік мақсатында қымбат алкогольдік сусындар мен сигараларға 10% акциздер ұсынылады, - деді вице-премьер.
Сондай-ақ ол арнаулы салық режимдері реформаға түсетінін айтты.
Кодекстің жаңа редакциясында арнаулы салық режимдерінің санын 7-ден үшке дейін түсіру ұсынылған. Олар:
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим.
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.
Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр.