Көгалдағы хоккей: Қазақстан әйелдері орталық Азия чемпионатында топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM - 26 ақпан мен 3 наурыз аралығында Өзбекстанның Әндіжан қаласында көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер арасындағы орталық Азия елдерінің чемпионаты өтті.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі қызметі мәлім еткендей, Азия хоккей федерациясы (AHF) ұйымдастырған биылғы бәсекеде ерлер арасында Қазақстан, Қырғызстан, Оман, Тәжікстан, Өзбекстан командалары сынға түсті. 

Ал әйелдер арасында Қазақстан, Оман, Тәжікстан, Өзбекстан құрамалары өзара кім мықтыны анықтады.

Нәтижесінде Нұржан Бейбітов баптайтын еліміздің әйелдер құрамасы алғашқы ойында Тәжікстанды 13-1 есебімен ойсырата жеңді. Сосын, Өзбекстан хоккейшілерімен тең түскен (1-1). 

Ал жарыс қожайындарымен болған екінші матчта Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен жеңіп, топ жарды. Қазақстанға Виктория Ляпинаның дублі шешуші кездесуде бас жүлде алып келді.

Қазақстан ерлер құрамасы жартылай финалда қарсыласқа жол беріп, қола медаль алды. Мұнда бас жүлдені финалда Тәжікстаннан басым түскен Өзбекстан құрамасы жеңіп алды.