НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көгалдағы хоккейден Қазақстан құрамасы Азия ойындарының іріктеу кезеңіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турнир Таиланд астанасы Бангкок қаласында 5 және 15 мамыр аралығында өткізіледі.
Ұлттық құрама А тобында Оман, Таиланд, Гонконг және Өзбекстанмен шеберлік байқасады.
Ал В тобында Бангладеш, Шри-Ланка, Индонезия және Сингапур құрамалары ойнайды.
Азия ойындарына алты құрама жолдама алады.
Қазақстандық хоккейшілер аталған доданың финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 1994 жылы 6-орын алса, 2018 жылы 11-орынды місе тұтты.
Азия ойындарында көгалдағы хоккейден ерлер арасында Пәкістан 8 мәрте жеңімпаз атанды. Ал Оңтүстік Корея - 4 , Үндістан - 3, Жапония - 1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық хоккейшілер тізімі жарияланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.