Қоғам дертін көп болып жұмылғанда ғана жеңеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлық кез келген жаңару үрдістеріне қатер төндіреді десек, оған ешкім дау айтпас. Соған орай, Елбасы бастамасымен тиісті органдар жемқорлармен аяусыз күрес жүргізуде.

Сонда да оның алдын алу мүмкін болмай отырғаны жасырын емес. Мысалы, өткен жылы 1 568 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған. Бұл көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға өскені де бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. Бұдан ұғарымыз, бұл кеселмен күрес тетіктерін қатайтуды өмірдің өзі қажет етіп отыр. Бұл мәселеде елімізде аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Дейтұрғанмен, оның өзі жеткіліксіздігін көрсетіп отыр.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жартысынан көбін парақорлық пен бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері құрайды екен. Бұл тұрғыдағы қаржы полициясының тізіміне көз салсақ, министрліктер мен әкімшіліктерден бастап, еліміздегі үлкенді-кішілі лауазым иелерінің парақорлықтан «кет әрі емесін» байқаймыз. Мұндай әрекетке ел сенген жандардың баруы, әрине, өкінішті. Бұл құбылыстың, әсіресе, жаңа толқын жастарға кері әсерін тигізері де айдан анық.

Данте өзінің «Құдіретті комедиясында» қазына ұрлаушылар мен парақорларды тамұқтың соңғы айналымына қояды. Шариғат тұрғысынан да кісі ақысын жеу - үлкен қылмыс. Бұл кеселді түп-тамырымен жою немесе кеңінен таралуының деңгейін төмендету қиын, әрине. Сондықтан күрес белгілі бір уақыт аралығындағы экономикалық, құқықтық, ұйымдастыру шаралары кешенінде жүзеге асырылуға тиіс. Оның басты жолы - көлеңкелі экономикаға, адал жолмен табылмаған ақша ағысына қарсы тиімді күрес жүргізу болып табылады. Сол себепті, бұл дерттен арылуға қоғамымыздың әрбір азаматы атсалысқаны абзал.

Жемқорлықтың түптеп келгенде адамның өзіне зиян екенін ұғындыратын жарнамалар әлі де көбейе түссе. Ел қазынасына көз сүзгендердің ертеңі бұлыңғыр екендігі айтпаса да түсінікті. Тек, осы қағидатты азаматтар санасына тереңірек жеткізу жағын әлі де жетілдіре түссек, нұр үстіне нұр болар еді. Заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлық - өзара кереғар ұғымдар. Еліміз азаматтық қоғам құру үстінде, ол өз кезегінде атқарушы билік органдарына қоғамдық бақылауды дамытуды қажет етеді.

Ал сыбайлас жемқорлықтың қоғамдық бақылауды қолайлы көре қоймасы анық. Саясаткерлердің пікіріне сүйенсек, егер біз осы әлеуметтік кеселдің ықпалынан шыққымыз келсе, онымен күресуді қоғам болып қолға алған жөн.

Атам қазақ «Көп түкірсе көл», «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді бекер айтпаған. Сондықтан аталған қоғам дертін көп болып жұмылғанда ғана жеңеміз.