Қоғам құқық қорғау органдарына заңсыз әрекеттердің жолын кесу мүмкіндігін беруі тиіс - Бас прокуратура өкілі

None
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде Парламент қабырғасында талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қоғамда түрлі пікірлері тудырғаны белгілі.
Бас прокуратураның Мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің бөлім прокуроры Орынкүл Дүбірбаева аталған заң жобасына қатысты өз ойларын ортаға салады. - Орынкүл Ғабжәлелқызы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық- коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қоғамда қызу пікірталас туғызғаны белгілі. Құжаттың жекелеген баптарына қатысты әңгімелер әлі күнге дейін айтылып жүр. Жалпы бұл заң жобасы бізге қажет пе? - Өздеріңізге белгілі, интернет қызметі қазір уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыр. Осыған орай оған деген азаматтардың қызығушылығы да арта түсуде. Әдетте азаматтарымыз интернетті көбіне ақпарат алу, білім көкжиегін кеңейту немесе іскерлік мақсаттарға пайдаланады. Кейде тіпті оны бос уақытыңды өткізу мақсатында өзіңе қажетті қызықты дүниелер іздеуге де пайдаланасың. Бір қарағанда, одан аса қауіптенетін ештеңе жоқ та сияқты. Алайда жақсы дүниенің де екінші жағы болады емес пе? Бүгінде интернет ұлт қауіпсіздігіне қауіп тудыруы мүмкіндігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені мұны тарих дәлелдеп отыр. Оған мысал келтірейін, 1996 жылы Калифорниядағы исламдық топтардың бір мүшесі Париж метросында жарылған бомба секілді жарылғыш заттарды дайындау әдісін қажетті жеріне осы интернет арқылы жеткізіп отырған. Оның үстіне ғаламторда қазір тек бізге қажетті ақпараттар ғана бар деп айта алмаймыз. Ондағы мәліметтер жасөспірімдердің санасын улап, адамгершілік қасиеттерден алшақтауға ықпал етеді. 1995 жылы Бавария прокуроры 200-ден астам интернет-конференциялар Германияның порнографияға қарсы заңдарына қайшы екендігін анықтаған. Ол аз болса, интернет нәсілдік кемсітушілікке жол ашып, зияткерлік меншік және өзге де құқықтардың бұзылуына әкелуі мүмкін. Болашағын ойлайтын ел осы келеңсіздіктердің барлығына немқұрайлы қарамаса керек. Сондықтан қазір көптеген мемлекеттер қажетсіз, кейде тіпті зиянды ақпараттарды тыйып немесе реттеп отыру үшін тиісті шараларды қолға алуда. Жалпы әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жұмысшы топтардың арасындағы күнделікті кикілжіңдердің үдей келе, үлкен ұлтаралық қақтығыстарға ұласа жаздағанын біз өз тәжірибемізден де білеміз. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында, Атырауда, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында болған оқиғалар осының айғағы. Бұл қайшылықтардың қызуын басу үшін мемлекеттік органдар барын салып бақты. Сонымен қатар, қазір бәріміз де еліміздегі ақпарат құралдарынан ұлтаралық, нәсілшілдік, діни және өзге де бағытта ұрыс-керіс туғызуға бағытталған Конституцияға қарсы ұрандардың бой көрсетіп қалатындығының куәсі болып жүрміз. Соның салдарынан елімізде бірқатар ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салынды. Қаншама журналистер мен редакторлар әртүрлі деңгейдегі жауапқа тартылды. Осының барлығын сараптап-саралай келгенде еліміздің аймағында ақпараттарды тиісті заң аясында тарату ісін реттейтін осындай заң жобасын дайындаудың қажеттілігі туды. - Құжатты талқылау барысында жұмыс тобы мүшелерінің арасында ерекше қызу пікірталас тудырған мәселе болды ма ? - Иә, заң жобасын дайындауда, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін тоқтату шараларына қатысты дәлелдер тізімін кеңейтуге қатысты бапты талқылау кезінде ерекше пікірталас болды. Заң жобасының 13-ші бабының редакциясында ақпарат құралының қызметін тоқтатуға қатысты мәселер бар. Біздіңше «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 13-ші бабының 3-ші және 4-ші тармақтарындағы талаптар тізімі ақпарат құралдарының қылмыстық және әкімшілік заңнамалар нормасымен тоқтатылатын өнімдерінің барлығын қамтып отырған жоқ. Сондықтан да жұмыс тобының өкілдері бұл талаптар тізімін кеңейтті. Алайда заң жобасындағы талаптардың қай-қайсы болмасын жауапқа тартылатын ақпарат құралының қызметін сот шешімінен бұрын жедел түрде тоқтатуды қарастырмайды. Сосын көп жағдайда тыйым салынған ақпараттардың тарауына кінәлі азаматтар республикадан тыс жерлерде болады. Мұндай жағдайда мемлекеттің мүддесін қорғап қалудың ең оңтайлы жолы азаматтардың және интернетті пайдаланушылардың заңға қайшы дүниелерге қолжетімділігін шектеу болып табылады. - Қазіргі таңда аталмыш заң жобасына байланысты ол демократия ұстанымдарына қарсы, сөз бостандығын шектейді деген сыңайдағы пікірлер айтылып жүр. Сіз бұған не дер едіңіз ? - Меніңше қоғамдағы әрбір журналист үшін белгілі бір деңгейде шектеулер болуы тиіс және тілші ақпарат дайындау барысында сол талаптарды бұлжытпай орындауы керек. Іс жүзінде сөз бостандығы мен ар-ұждан бостандығы ештеңемен де шектелмейді. Сонымен қатар, кез-келген ақпарат біздің қоғамда өмір сүретін өзге де адамдардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, таралуы тиіс. - Заң жобасында бүгінгі қоғам аса зәру болып отырған мәселелерді қамтитын баптар бар ма? - Бұл құжат еліміздегі интернет арқылы хабар тарататын ақпарат құралдарының қызметін жетілдіруге бағытталған. Сондықтан оның белгілі бір баптарын «мынау бізге аса қажет» деп бөліп-жарып алудың қажеті жоқ. Әрине, біз осы заң жобасының қабылдануымен қоғамдағы бар меселе шешіліп қалады деуден аулақпыз. Алайда бұл бағытта белгілі бір қадамдар бар және ол өзге уақытта емес, тап бүгін жасалып отыр. Оның басты ерекшелігі де, пайдасы да сонда. Біз заң жобасын Парламент қабырғасында талқылау барысында түрлі топтардың мүдделерін ескеруге тырыстық. Ал осы талқылаулар кезінде біздің және өзге де құзырлы органдардың жинақтаған тәжірибелері Қазақстанның болашағы үшін үлкен байлық болады деген сенімдемін. - Заң жобасы Мәжілісте талқыланған кезде халық қалаулылары ондағы ақпарат құралдарының қызметін тоқтату құзырын оның иесіне немесе сот органдарына беру қажет деген пікірде болды. Бұл мәселеге байланысты сіздің пікіріңіз қандай? - Мәселе Бас прокурорда немесе Бас прокуратурада емес. Өзі заңға қайшы келеді деп санайтын әрекеттердің алдын алу немесе жою үшін қоғам құқық қорғау органдарына тиісті тетіктер беруі қажет. Ал конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігін сетінетуге шақыру, ұлтаралық, ұлысаралық, әлеуметтік қайшылықтар тудырып, ұлттардың, діндердің арасына ши жүгірту қауіпті екеніне ешкім дауласпайды және мұндай әрекет қылмыс саналады. Батыс елдерінің тәжірибесіне көз жүгіртсек, онда өз пайымдауына қарай дереу қылмыстың жолын кесуге өкілетті орган бар, ол негізінен полиция. Ал бізде бұл заң жобасының соңғы нұсқасына сәйкес, сот негізінде ғана жүзеге асады. Алайда, сот тәжірибесінде қандай да бір шешім қабылдау көп уақытты қажет ететіндігін бәрі біледі. Ал құқық қорғау органдарында қылмыскердің жолын жедел кесу мүмкіндігінің болмауы және сот кесімін күту мемлекеттің, ең бастысы жекелеген азаматтар мен кәсіпорындардың мүддесі үшін орны толмайтын салдарларға әкелуі мүмкін.