Қоғам мен бесік тыныштығына қатар жауаптымыз – полицей әйел

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Полиция қызметі десек, көз алдыңызға тәртіп бұзушылармен күресетін және кез келген жағдайда көмекке келуге дайын батыл азаматтың бейнесі келеді. Бірақ олардың арасында да нәзік жандардың бар екенін үнемі еске ала бермейміз. Сондай қызметкерлердің бірі – Сәуле Мырзамағамбетова. Бүгінде ол Көліктегі полиция департаментінің Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінде жауапты қызметте істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәуле Мырзамағамбетова желілік полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ішкі істер органы саласына 2000 жылдың аяғында келді.

«Ұстаздық қызметімді полиция саласына ауыстырдым. ҚР ІІМ Қостанай заң институтын аяқтап, осы салаға түпкілікті кеттім. Бұл мамандықтың қыр-сырын меңгере келе, өкінбегенімді түсіндім. Әр адам сүйікті жұмысынан ләззат алатыны рас қой. Негізі әйел полицейлер мен ер-азаматтардың қызметтегі айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Екеуінің де міндеті – полицияда қызмет ету, халыққа көмектесу. Әйелдерді де мылтық атуға үйретіп, төбелес машықтарына дайындайды. Жауаптылық, әділдік, жеделдік сияқты қасиеттерді кез келген тәртіп сақшысының бойында болуы тиіс», - дейді кейіпкеріміз.

Погон таққан полицей – 3 ұлдың анасы. Жұмысынан келе сала немересінің жанында болып, тәрбиесін айтады.
«Әйел полицейлер қоғам мен бесік тыныштығына қатар жауапты. Қызмет бабында үй шаруасына үнемі қолымыз тие бермейді. Ерте тұрып жұмысқа барамыз, кейде кеш келеміз. Соның бәрі халық тыныштығы үшін ғой. Мен полицейлердің тәрбие жұмысын қадағалаймыз. Жас мамандар өзімнің балам сияқты. Білгенімді үйретіп, ақыл-кеңес беріп отырамын», - дейді полиция маманы.


С.Мырзамағамбетова бастамасымен облыста түрлі қайырымдылық шаралары өтіп тұрады. Мәселен, Рудныйдың балалар үйіне көмек көрсетсе, жаңа жыл қарсаңында көпбалалы отбасына азық-түлік жеткізді. Полицейдің түрлі бағыттағы жұмыстары елеусіз қалмады. «Полиция үздігі» наградасы мен ІІ және ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдары бар. Сонымен қатар «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісі қызметінің жемісті болғанын айғақтайды.

Ал күні кеше ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейді «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.