Қоғамда кәсіби-техникалық білім беру жүйесі екінші сұрыпты деген қате түсінік қалыптасқан - Вице-премьер

None
АНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Қазақстандағы кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің беделін жоғарылату мәселесі көтерілді.

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бүгін Астанада «Еңбек нарығы және кәсіби және техникалық білім беруді дамытудың болашағы» тақырыбында өткен республикалық конференция барысында, өз баяндамасында бұл мәселені түбегейлі шешу қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қоғамда кәсіби-техникалық білім беру саласының беделі төмен.

«Қоғамда кәсіби-техникалық білім беру жүйесі екінші сұрыпты деген қате түсінік қалыптасқан»,-дейді Е.Орынбаев.

Бұл өз кезегінде еңбек нарығында тепе-теңдіктің сақталмауына әкеп соғуда. Кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарына жылына 300 мыңнан астам адам түседі. Жоғары оқу орындарына да осынша адам барады. Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандардың 27 пайызында кәсіби-техникалық білімдері бар, 28 пайызы жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Ал 45 пайызға жуығы орта мектептен кейін білімдерін жалғастырмаған.

Е.Орынбаевтің атап көрсеткеніндей, «біздің ЖОО-дағы студенттердің саны колледждер мен лицейлердегі студенттерге қарағанда көп. Бұл мәселе үлкен алаңдаушылық тудырады».

Оның айтуынша, басқа дамыған мемлекеттерде кәсіби-техникалық білім алып шыққандардың саны 75 пайызды құрайды.

«Біз заманауи технологияларға құрылған, инновациядан жоғары өнімділікке бағытталған жаңа экономиканың негізін қалап жатырмыз. Өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жасалды. Жақын жылдары сапалы жұмыс орындары пайда бола бастайды, оған бірінші кезекте отандық мамандар тартылуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз барлық қазақстандықтарға қазіргі заманға сай кәсіби білім алуларына жағдай жасау болып табылады. Өз кезегінде жастар, мектеп түлектері жоғары оқу орындарына түсуге немесе өкінішке орай, мүлдем білімдерін жалғастырмауды шешеді»,-деді вице-премьер.