Қоғамда жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары айтылып жатыр — Ерлан Қарин

Фото: t.me/konstituciyalikreforma

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда айтылып жатқан ұсынысқа қатысты пікір білдірді. 

— Жарты жылға жуық уақыт ішінде азаматтар мен сарапшылардың, түрлі ұйымдардың ұсыныстары мен бастамалары негізінде әзірленген және Конституциялық комиссияның ашық әрі тиімді жұмысының нәтижесінде жазылған жаңа Конституцияның мәтіні өткен аптада жарияланды. Қоғамдық талқылау басталды. Қоғамда жаңа Конституцияның жобасына үлкен қызығушылық бар екені байқалды. Азаматтардың көбі, сарапшылар, кәсіби мамандар, түрлі қоғамдық және саяси ұйымдардың өкілдері, ел тұрғындары 1995 жылғы қабылданған Ата Заңмен салыстыра келе, жаңа Конституцияның ұтымды тұстары мен артықшылықтары көп екенін айтып жатыр, — деді Ерлан Қарин.

Оның сөзіне қарағанда, қоғамда жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандығына басымдық берілгені, білім мен ғылымның, мәдениет пен инновацияның орталық идея ретінде айқындалғаны, сондай-ақ Егемендік пен Тәуелсіздік құндылықтары айқын көрсетілгені атап өтілді.

— Жалпы, құжатта көптеген мәселе қамтылғаны айтылды. Сонымен қатар, басқа да ұсыныстар және сын мен пікірлер, ескертпелер де айтылып жатыр. Ашық талқылау болғаннан кейін, осылай болуы орынды. Жаңа мәтінді сол үшін жұртшылықтың назарына ұсынып отырмыз, — деді Мемлекеттік кеңесші.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Ерлан Қарин жаңа преамбулада мемлекеттік шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылғанын айтты