- Ата кәсіпті дамытуға осыдан 7 жыл бұрын кеткен болсам, әлеуметтік желіні белсенді жүргізіп бастағаныма 5 жыл болды. Негізі өзім бұл салаға журналистика мамандығынан ауысып келдім. Не үшін әлеуметтік желі жүргіздім десеңіз — қырда қарайып қалмайын деген мақсат. Одан кейін енді ауыл шаруашылығы блогын түсіріп бастадық, өзімізше. Бізді қарайтын оқырманның көпшілігі - өзіміз сияқты мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар, малшы қауым, одан бөлек енді қалаға көшіп кетіп, ауылын аңсап, ауылын сағынып жүрген оқырмандар, - деді Шарипа Базарбаева.
Ол әлеуметтік желіде барынша белсенді болғысы келетінін айтады.
- Себебі қоғамда «оқымасаң, мал бағасың» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Осыны бұзғым келеді. Әу баста қандай мақсатта айтылғанын білмеймін. «Оқымасаң, мал бағасың» дегені «оқымасаң, біреуге жалданып мал бағасың» деген ниетте шығар, бәлкім басқа болар. Бірақ мал шаруашылығының өзі үлкен бір білімді талап етеді, қажырлы еңбекті талап етеді. Қазір енді жолдасым екеуміз далада еңбек етіп, мал басын көбейтіп отырмыз. Оның ішінде қазақтың ақбас сиыры, Еділбай тектес қой бар. Бұл бағзы заманнан келе жатқан ата кәсібіміз әрі әлі де өзекті. Сондықтан жолдасым - экономист, өзім журналист болсақ та, мамандығымызды ауыстырып, бұл кәсіпке келгенімізге өкінбейміз, - деді ол.
Шарипа Базарбаева ауыл шаруашылығы саласына Мемлекет басшысы үлкен бір қолдау білдіріп отырғанын айтады.
- Бүгінгі таңда дәл осы саламен айналысамын дегендерге мемлекет гранттар бөлініп, неше түрлі бағдарлама қарастырылған. Бар мүмкіндікті барынша игеріп, ұтымды пайдалана алсақ мемлекетіміздің экономикасына да үлкен пайда әкеледі, - деді шаруашылық иесі.
Айта кетейік, елімізде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам өсті.