Қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз - Президент

Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді.

Фото: akorda.kz

Бұл туралы Ақордада Республика күніне орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны санаға мықтап сіңірген жөн. Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды екендігін баса айтты.

«Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді. Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қояды. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұны бәрін, әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек», - деді Мемлекет басшысы.