Қоғамдық қауіпсіздік саласын барынша цифрландыру жемқорлықты азайтады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек екенін айтты.

– Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс, - деді Президент.

Сонымен қатар суперкомпьютерді пайдалану мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.

Президент «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болатынын айтты.

– Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түсті. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі, - деді Президент.

Айта кетейік, Президент ата-бабамыздың құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттау керек екенін айтты.