Қоғамдық келісімді сақтауда медиацияның рөлі зор – сарапшылар

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Қоғамдық келісімді арттыруда медиаторлардың зор үлес қосып жүргені аңғарылады. Астана қаласындағы Достық үйінде медиацияның қоғамдағы рөлі жайлы талқылады.

– Этносаралық қарым-қатынас саласында медиаторлардың рөлі ерекше. Қазір елімізде медиаторлардың көмегіне жүгінушілердің саны артып келеді. Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Кәсіби медиаторлар жұмыс істейді. Ақысыз заң кеңесін тұрақты жүргізеді, – деді кәсіби модератор Роза Бекишева.

Жиын барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторы (PhD) Сымбат Шәкіров тарихқа көз тастады.

– Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, яғни қаншама мекеме, ұйымның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған, – деді ғалым.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Луиза Узарованың айтуынша, этносаралық дауды ешқашан саяси мәселеге айналдыруға болмайды.

– Көбі медиация мен этномедиацияның айырмашылығы неде? Этносаралық қатнас – өте нәзік нәрсе. Өзге ұлттың өкіліне айтылған жаман сөз бүкіл ұлтқа айтылғандай қабылданады. Мұндай келеңсіздіктерді шешуде этномедиаторлар өте зор еңбек сіңіреді. Жалпы, елімізде ұлтаралық қақтығыстар жиі тіркелмейтіні қуантады, – дейді ол.