Қоғамдық палата мен Халық Кеңесінің міндеттері бір-бірін қайталамай ма – Айдос Сарым жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында депутат Айдос Сарым Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата мен Халық кеңесінің міндеттері бір-бірін қайталауы мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Біріншіден, Халық Кеңесі – конституциялық орган. Оның өкілеттіктері мен міндеттері Конституцияда және конституциялық заңда нақты белгіленген. Оның функционалы әлдеқайда кең. Кеңес ірі мәселелерді көтеріп, бастама жасай алады. Сонымен қатар оның ұсынымдары белгілі бір деңгейде міндеттеуші сипатқа ие, – деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаның негізгі міндеті – заң жобаларын жетілдіру және Құрылтай депутаттары қабылдаған заңдардың жүзеге асырылуына қатысты кері байланысты қамтамасыз ету.

- Бұл – Құрылтай үшін анағұрлым қолданбалы сипаттағы институт. Ол – жұмысымыздың сапасын арттыруға мүмкіндік беретін құрал. Сондықтан Қоғамдық палатаны Халық кеңесінің жұмысын қайталайтын институт деп санамаймын, – деді ол.

Айдос Сарым кейбір сарапшылардың екі институттың жұмысына да қатар қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Алайда бұл жағдайды міндеттердің қайталануы деп есептемейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылды.