Қоғамдық тамақтану орындарынан 94 келі қауіпті өнім тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде санитариялық талаптарға сай келмейтін 94 келіден астам азық-түлік өнімдері айналымнан алынды. Сонымен қатар 6 қоғамдық тамақтану нысанының жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Фото: Pexels

Оның айтуынша, жедел ден қою шаралары аясында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет бірқатар нысанда анықталған заңбұзушылықтарға байланысты тиісті шаралар қабылдаған.

— Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 6 нысанның қызметін тоқтату туралы қаулы шығарды. Міндетті медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шеттету жөнінде 4 қаулы қабылданды. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін 94 келіден астам өнім айналымнан алынды, — деді Сархат Бейсенова.

Спикердің сөзінше, қазір санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қоғамдық тамақтану саласындағы 20 мыңнан астам нысанды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

— Биылғы жылдың алғашқы бес айында 600-ден астам тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынды, — деді комитет төрағасы. 

Еске салайық, бұған дейін Астанада биылғы алғашқы бес айда жіті ішек инфекцияларымен сырқаттану көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендегенін жазған едік.