осы сессиядағы Парламент қызметінің басты бағыты болмақ. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында жиынды ашқан палата төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлімдеді.
Сөз арасында спикер Мемлекет басшысы өткен жолғы Парламент сессиясын ашу барысында заң шығарушы органның алдында тұрған аса маңызды міндеттерді айқындағанына тоқталды. «Барша қазақстандықтардың қолдауына ие болған қоғамды әлеуметтік жаңғырту жөніндегі Елбасының бастамасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үстіміздегі сессиядағы заң шығарушы қызметіміздің басты бағыты болмақ. Сонымен қатар, үш жылдық мерзімге арналған республикалық бюджетті талқылау барысында бюджеттік шығындардың тиімділігіне көңіл бөлу керек. Әсіресе, қаржы тәртібін нығайту, тиімсіз шығындарды қысқарту, «көлеңкелі экономикаға» қажетті заңнамалық тосқауылдар қою, сондай-ақ әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған қаражаттардың мақсатты және тиімді пайдаланылуы үнемі басты назарда болуы қажет», - деді Қ. Мәми.
Бұл ретте палата төрағасы қарапайым қазақстандықтарды толғандырып отырған мәселелерге күні бұрын назар аударудың маңыздылығын айтып, пайда болған түйінді мәселелерді дер кезінде шешу үшін қажетті заңдардың уақытылы қабылдануына мән беру керектігін де жеткізді. «Ең бастысы заңдардың халық мұқтажын қанағаттандыруына тікелей бағытталуын баса назарда ұстауымыз керек», - деді спикер.