Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы қызылша ауруына шалдығудың негізгі себебін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин қазіргі уақытта қоғам назарын аударған қызылша ауруына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қызылша ауруының өршуінің негізгі себебінің бірі, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдардың басында елімізге вакцина жеткізуде кідіріс болды. Сол кезде азаматтарға қажетті екпе егілмей, кейде екінші реттік екпе жасалмаған жағдай да кездесті.

"Сондай-ақ, сол жылдары елімізде қызылша ауруының тіркелуі жоғары тым жоғары болды. 90-шы жылдардың соңына қарай, яғни 6 жыл өткен соң, біз иммунитетті жақсартуға арналған қайта вакцинациялау жұмысын жүргіздік. Сол кезде жіберілген олқылықтардың нәтижесі енді білініп жатыр",-дейді бас санитар.

Оның сөзіне қарағанда, сол уақытта қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар мен жасөспірімдер бүгінде ата-ана болатын жасқа жетті.

"Соның салдарынан қазір Қазақстанда балалар арасында қызылша ауруы жиі тіркелуде. Біздің есеп бойынша, қызылшаға шалдыққан балалардың 56% екпе жасына жетпегендер», - деді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетер жайт, аталған ауруға тап болғандардың негізгі бөлігі, оған қарсы уақтылы екпе жасатпаған азаматтар.

Еске сала кетсек, Ж.Бекшин бұған дейін Астанада қызылшаға шалдығу жағдайының 2 есеге азайғанын мәлім еткен еді.