Қоғамдық қабылдау Сарышығанақ бұғазына қатысты жобаны қолдаған жоқ - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордада «Сырдарияның арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстігін сақтау» (САРАТС) жобасының екінші кезеңінде атқарылатын жұмыстардың қоғамдық тыңдауы болып өтті.

Тыңдау кезінде мамандардың басым бөлігі осы кезеңде жүзеге асырылады деп жоспарланған «Сарышығанақ бұғазы құрылысы кешені» деп аталатын жобаны қолдамады. Себебі, кешенді кейін ұстап тұру мен оған су әкелетін каналды балдырдан тазартып отырудың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Мұның үстіне Сарышығанақ бұғазындағы судың деңгейін Балтық өлшемімен алғанда 50 метрге жеткізу үшін небәрі 4,7 текше метр су керек екен. Өткен жылдың су мөлшері бұл көлемді бір-екі жылдың ішінде толтыруға болатынын көрсетті. Ал қалған су бұрынғысынша Үлкен теңізге ешқандай үлесі болмай, босқа ағып кетеді. Тек 2010 жылы ғана Арал теңізінің солтүстік бөлігіне 5 миллион текше шақырымнан астам су жіберілсе, оның 2000 жылдан бергі мөлшері 55 миллиард текше шақырым болған.

Арал балық шаруашылығы институты филиалының мамандары сонымен қатар жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Сарышығанақ бұғазында балықтың ұрық шашу үдерісі жүзеге аспайтынын анықтағандарын мәлімдеді. Бұл бұғазда Арал теңізінің арнасы толып тұрған кезеңдерде де балықтардың шағылысуы болмапты. Бұл маң ешқашан балық өнеркәсібін өркендету мақсатына пайдаланылмаған. Демек, бұл жолы да одан мұндай нәтиже күту қиын.

Ғалымдардың пікірінше, егер судың деңгейі белгіленген нүктеге дейін жетер болса, су құрамының тұздылығы да барынша төмендейді, балықтың құнды тұқымдары теңіздің солтүстік бөлігінде тіршілік етуін жалғастыра береді. Бұған қоса, Кіші Аралдың құрғап қалған табанынан ауаға ұшатын шаң-тозаңдар тоқталады.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар сондай-ақ Сарышығанақ бұғазына жақын маңда балық өнеркәсібімен айналысқан елді мекендердің де болмағанына назар аударды. Олар негізінен Кіші теңіз бен Көкарал бөгетінің екі қапталына шоғырланған. Ал Аралдың солтүстік бөлігіндегі судың деңгейі 48 метрге жеткен кезде, теңіздің жиегі 10 мың тұрғыны бар балықшы ауылдардың қасына жақындайды. Сол кезде 200-ден астам балықшы ұжымын жасақтау жоспарда бар. Бұл тағы 5-6 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Сонымен, «САРАТС» бағдарламасы екінші кезеңіне қатысты көптен бері қозғалып келе жатқан Сарышығанақ бұғазын екі ярус арқылы көтеру идеясы мамандар тарапынан қолдау таппай қалды. Тыңдауға қатысқандар оның орнына Кіші Аралды толтыра беру бастамасын жалғастыра берген жөн деп тапты.