«Қоғамдық қатынастың айнасы - тіл тұтастығы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 17-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Әлемнің 43 елінің коррупциямен күрес жүргізетін мекеме басшылары мен осы саладағы 20-ға жуық халықаралық ұйымдардың өкілдері қазіргідей қиын жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жойқын соққы беру жайында өзара ақыл қосып, алқа құру үшін Қазақстанға жиылды. Олардың жиынына Елбасы қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы тұру һәм тойтарыс беру «Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» деп мәлімдеді», дейді «Айқын» газеті «Жемқорлыққа қарсы тұру - Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» атты мақаласында.

 Осы басылымда көрнекті мемлекет қайраткері Марат Оспановтың саяси келбетіне, саясаткерлігіне талдау жасалған мақала жарық көрді. «Саясаткер» деген тақырыппен жарияланған мақаланың авторы - саяси ғылымдар докторы Нәубәт Қалиев.

 «Ресей кімге күш көрсетпек?» Осы тақырыппен «Айқын» газетінде басылған мақалада қыркүйектің 9-ында Ресей Мемлекеттік думасының «Қорғаныс жөніндегі» заңға бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізгенін, осы өзгерістен кейін іргелес көршіміздің өз қарулы жасақтарына шекарадан тыс шетелдерде әскери қимыл жасауға рұқсат бергенін жазады. «Бұл заңды қабылдау арқылы Мәскеу нені меңзеді, заң астарында не бар? Мәскеу өзіне қырын қараған елдің  жұртына ат ойнатып, шоқпар сілтеуге неге асықты? Сондағы жауы кім? Шындығында, Мәскеудің өзгеге айбат шегетіндей қауқары бар ма?», дей келіп, осы сауалдарға жауап іздеген.

***

Халқымыздың көрнекті қаламгері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек кеше дүниеден озды. Осыған орай Астана қаласының әкімі, ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер қайраткерлері «Астана ақшамы» газеті арқылы көрнекті қаламгермен бақұлдасты.

 Осы басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда тұрғындары көкейлерін мазалаған сауалдарға қала әкімінен жауап алған.

 «Астана ақшамы» газетінде жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабайдың көлемді сұхбаты «Қоғамдық қатынастың айнасы - тіл тұтастығы» деген тақырыппен жарық көрді. «Биік мінберлерден анда-санда  «Қазақ болайық!», «Қазақ тілінің мерейін өсірейік!» деп айғайлап қойып, бала-шағаларымызды бұрынғыдай орыс мектептеріне тоғыта берсек, қайтіп қазақ болмақпыз. Сөзіміз бөлек, ісіміз одан да бөлек. Бұл енді сыпайылап айтқанда - екіжүзділік», дейді қаламгер. Екеуара әңгімені толығымен басылымның айқара бетінен оқи аласыздар.  

***

«Қазақта қала болған Бозоқ деген...» Осы тақырыппен «Нұр Астана» газетінде жарияланған мақалада «Астананың мыңжылдық тарихы бар. Жасарып, жайнаған елорда жылнамасын әріден, IX ғасырдан бастау туралы ғалымдар тұжырымына Бозоқ қалашығы негіз болуда», делінген.

 «Нұр Астана» басылымында шахматтан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Түйтебаевамен арадағы сұхбат «Шахматтағы карьера қаржыға тіреледі» деген тақырыппен берілген.

***

«Солтүстік - Оңтүстік Қазақстан» электр қуатын тарату жүйесінің алып жобасы аяқталды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылымның жазуына қарағанда, бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен «Солтүстік - Оңтүстік Қазақстан» екінші транзитінің іске қосылу салтанаты өтеді. Электр желілерінің ұлттық операторы аталған жобаны мерзімінен бұрын аяқтап отыр.

 «Қазақстан Президенті жемқорлықты жою үшін төрт басты шартты атады», деп жазады «Литер» газеті. Кеше Елбасының қатысуымен Тәуелсіздік сарайында өткен  шараға қатысты «Казахстанская правда», «Экспресс-К», «Известия-Казахстан» газеттерінің бейсенбілік нөмірлерінде де жан-жақты мағлұматтар берілген.